Прокурор тағылған айыпты өзгертуді ұсынды: енді Байжановтың жазасы жеңілдей ме
Жарияланған күні:
Бүгін, 29 сәуірде Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша прокурор екінші сотталушыға қатысты айыптауды өзгерту туралы өтініш жасады. Ал бұл Байжановтың жазасын жеңілдете ме? KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Байжановқа қандай баптар бойынша айып тағылды
Сотта оқылған бірінші айыптау актісіне сәйкес, Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
- ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы "Қылмысты жасыру". Оны бұзғаны үшін 6 000 АЕК-ке дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген;
- ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау". Бұл баптың жазасы 432-баптың санкциясымен ұқсас.
Прокурорлар айыптаудан қай бапты алып тастауды ұсынды
Прокурор Асхат Нұрбеков бүгін айыптаудан Қылмыстық кодекстің 434-бабын ("Қылмыс туралы хабарламау") алып тастау туралы өтініш білдіріп, тек "Қылмысты жасыруды" қалдыруды ұсынды.
Баптар бойынша қандай жаза тағайындалуы мүмкін еді
Қылмыстық кодексте "Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау" туралы 58-бап бар.
Оған сәйкес, Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бұзылған жағдайда, жаза әр қылмыс үшін жеке тағайындалады, содан кейін жазалар қосылады. Қатаң емес жаза неғұрлым қатаң жазаға ойысады не толық немесе ішінара қосылады.
Қылмыстық кодекстің 434 және 432-бабын бұзғаны үшін ең ұзақ мерзім – 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес, бұл ауыр қылмыстар болып есептеледі.
"Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қамтыса, онда түпкілікті жаза неғұрлым қатаң жазаны біріктіру жолымен, болмаса жазаны ішінара немесе толық қосу арқылы тағайындалады. Бұл ретте бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза 20 жылдан аспауға тиіс", — делінген Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінде.
Осылайша, жазаны біріктірудің ең қатал үкімімен Байжанов ең көп дегенде 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.
Енді қандай жаза тағайындалуы мүмкін
Егер Байжановтың айыптауында бүгін прокурор мәлімдегендей, Қылмыстық кодекстің 432-бабы ғана қалса, ең қатаң жаза 6 жыл бас бостандығынан айыру болады.
Еске салайық, бүгін Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталуға тиіс еді. Бірақ айдауыл сотталушыларды әкеліп үлгермеуіне байланысты таңертеңгі отырыс бірнеше минутқа ғана созылды. Судья отырысты 14:30-ға дейін кейінге қалдырды.
Түстен кейін Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша жалғасқан сот отырысында прокурор екінші сотталушыға қатысты айыптауды өзгерту туралы өтініш білдірді.
Нәтижесінде істі қарау 3 күнге кейінге шегерілді. Бұл туралы Байжановтың қорғаушылары сұрады, өйткені прокуратура айыптауды баптардың бірі бойынша алып тастап қана қоймай, оны басқаша тұжырымдады.
Кейінірек Байжановқа қатысты айыптау актісінде нақты не өзгергені белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093129-prokuror-tagylgan-aiypty-ozgertudi-usyndy-endi-baizhanovtyng-zhazasy-zhengildei-me/