Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Патриоттық сезім жетіспейді": Ұлттық ұлан офицері жас сарбаздың бойынан көргісі келетін қасиеттерді атады

Жарияланған күні:

Серіжан Амагелдиев
Фото: Жеке мұрағатынан

Кез келген елдің айбыны – ұлттық әскер. Бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты болуы, барлық жағдайға сақадай сай болуы маңызды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан әскерінің жай-күйі мен өзекті мәселелері туралы Астана қаласы Ұлттық ұлан офицері, дене шынықтыру бөлімінің басшысы Серіжан Жандарұлымен аз-кем әңгімелесті.

Серіжан Жандарұлы, айтыңызшы, Қазақстан қарулы күштері құрамында қызмет ету жолын таңдауыңызға не себеп болды?

Шынымды айтсам, мен бала кезімнен әскери адам болуды армандадым. Әр баланың қаһарманы – әкесі. Менің әкем ішкі істер саласында қызмет етті. Әкем Жандар Амангелдиев саналы ғұмырын Ұлытау өңіріндегі ішкі істер саласына арнап, зейнеткерлікке шықты. Күнде таңертең әкем формасын киіп алып, жұмысқа кететін. Күн сайын мен мектепке, әкем жұмысына жиналатын. Әсіресе, формаға қатты қызықтым. Десек те мектеп бітіргеннен кейін өз жолымды бірден тауып кеттім дей алмаймын. Ұлытауда шахтер болдым. Бірақ бұл кәсіп жүрек үніммен үндес болмады. Сол кезде әкем маған уақыт жоғалтпай, "әскерге барып кел" деп ақыл берді. Десант мектебін оқып, сол салаға барамын деп ойладым. Бірақ үш рет тапсырып, оқуға түсе алмадым. Содан кейін Өскемендегі Ұлттық ұланға келісімшартпен жұмысқа кірдім. Ресейдегі Санкт-Петербург әскери академиясында Дене шынықтыру мамандығы бойынша бес жыл білім алып, Өскемендегі Ұлттық ұланда Дене шынықтыру бөлімінің басшысы болдым. Алматы қаласындағы Ұлттық ұланда қызмет еттім, қазір Астана қаласында қызмет етіп жүрмін.

Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде әскерде көз жұмған сарбаздар туралы ақпараттарды оқып жүрміз. Ата-аналар баласын әскерге жіберуден қорқатынын жазып жатады. Бұған не дейсіз?

Әлімжеттік мүлдем жоқ деп жоққа шығара алмаймын. Мұндай мәселе бар, бірақ жылдан-жылға жағдай жақсарып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде әскердегі әлімжеттік, сарбаздардың өлімі көбісін алаңдататынын оқып та жүрміз. Бұл бізді де алаңдатады. Мұны бір жақты қарауға болмайды. Жас сарбаздарда темірдей берік мінез, қайсарлық, батылдық, патриоттық сезім жетіспей жатады. Физикалық жағынан әлсіз, ауыр көтермеген. Әскери өмір әскери тәртіпті талап етеді. Әскерде тек ер азаматтар болған соң атмосфера да басқа. Үйде анасының еркелеткеніне үйреніп қалады, ерлер арасында өмір сүруге жүйкелері сыр беретін жағдайлар бар. Бұл әскерде әлемжеттік бар деген сөз емес, көбінесе адамдар арасындағы қарым-қатынас және ұстанымдары мен көзқарас қақтығысы. Бірақ мұндай жағдайларға қарап, әскер туралы қорытынды жасауға болмайды. Қызмет барысында ұжым ішінде қандай да бір қақтығысқа тап болған емеспін, керісінше, біз біртұтас команда болуға ұмтыламыз. Офицерлер сарбаздардың әскери өмірге үйреніп кетуі үшін барынша тырысамыз. Мысалы мен Өскеменде қызмет етіп жүргенде сарбаз қасындағы достарының карточкасын алып, ақша алған жағдай болды. Мұндай тәртіпсіздік заң шеңберінде жазаланады. Оның ата-анасын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кез келген сарбаз тәртіп бұзса, оны жазалаймыз. Әскерде гаупфахта деген бар, арнайы жазалау бөлмесі, сол жерде жаттығу жасайды. Бауыржан атамыз "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деп айтқандай, әскери тәртіп, әскери тапсырма қатаң орындалуы керек.

Ал оқыс оқиға бола қалған жағдайды әскерде қандай шаралар қабылданады?

Қызметтік тексеріс жүргізіледі. Кураторлық жүктелген офицерден барлық жайт сұралады. Мысалы біз сарбаздардың хаттарын оқимыз. Олар анасына, сүйікті қызына сағынғанын, қиналғанын жазса, психологпен бірге жұмыс істейміз. Мұндай жағдайдың алдын алу – біздің міндетіміз.

Ал балаларын әскерге жіберуден қорқатын ата-аналарға не дейсіз?

Ұлдарды аялап, мәпелегенді тоқтатып, болашақ елін қорғар азамат ретінде тәрбиелегені дұрыс деп ойлаймын. Әкем мені бала кезімнен қатал тәрбиеледі. Үйде әскер туралы әңгіме болғанда, мұның әр азаматтың Отан алдындағы борышы екенін айтты. Сол үшін әкеме алғыс айтамын. Әскер – жаңа білім алу, жігеріңді қайрау, тәуелсіз болуды үйрену және өмірлік достар табу мүмкіндігі.

Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096165-patriottyq-sezim-zhetispeidi-ulttyq-ulan-ofitseri-zhas-sarbazdyng-boiynan-korgisi-keletin-qasietterdi-atady/