Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір үйге су кірген жоқ": ақтөбелік зейнеткер ауылын тасқын судан қалай аман алып қалды

Жарияланған күні:

Дәулетжан Күзембаев
Дәулетжан Күзембаев. Фото: Мұғалжар ауылы әкімдігінен

Ақтөбе облысының 74 жастағы тұрғыны Дәулетжан Күзембаев ауылын тасқын судан аман алып қалды. Мұғалжар ауылында тұратын зейнеткер Жем өзені суының деңгейін алдын ала болжаған. Ауыл тұрғыны шұғыл қимылдамаса табиғи апат болатынын жергілікті билікке айтып, дабыл қаққан, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Атырау облысындағы Құлсары қаласын алған Жем өзені Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауларынан бастау алады. Таудан аққан өзен 300-ден аса үйі бар Мұғалжар ауылының ішімен өтіп жатыр. Дәулетжан Күзембаевтың айтуынша, Жем өзені бұрын-соңды мұндай деңгейге көтерілмеген.

"Ауылдағы "Көктас су" бөлімшесінде 44 жыл жұмыс істедім. Ауылдың сай саласын бес саусағымыздай білеміз. Сексенінші жылы ауылдағы бөгет құрылысын салуға қатыстым. Көктем сайын суды қараймыз. Әдетке айналған тірлік. Биылғы көрініс ұнамады, жағдайды әкімшілікке хабарладым. Ауыл әкіміне биыл тасқынның қатты болатынын айттым. Әкіміміз де сөзді түсінетін жақсы адам. Ауылды гүлдендіріп қойды. Бірден қозғалып, зауыттардан техника алып жұмыс басталды. Негізі Жем өзені бұрын бұлай қауіп төндірмейтін. Өзен суы таудан аққан бұлақпен және мұз, қар суымен толығады. Биыл жағдайды көріп отырмыз. Тасыған өзен Құлсарыға дейін барды", - деді ауылын тасқын судан құтқарған зейнеткер.

Тұрғынның су шаруашылығы мекемесінен зейнетке шыққанына 12 жыл болды. Еңбек ардагері ауылдың қоғамдық жұмыстарынан тыс қалған емес. Көктем келсе, судың деңгейін, ағысты қарап жүру әдетін тастамаған. Қазір жеке шаруа қожалығы бар.

Жалпы Мұғалжар ауылы аудан орталығынан 135 шақырым жерде жатыр. Бүгінде онда 1700 тұрғын, 346 үй бар. Тау етегінде тұрған Мұғалжар ауылында қиыршық тас өндіретін төрт зауыт және теміржол мекемесі бар. Ауыл тұрғындары осы мекемелерде жұмыс істеп, мал шаруашылығымен айналысып отыр.

Ауылда 40 жыл бұрын салынған екі бөгет те әлі күнге қолданыста. Оларға зауыттардың көмегімен жылда күтім жасалады.

Ұзақ уақыт су қорын сақтау жұмыстарын атқарған зейнеткердің еңбегі туралы ауыл әкімі де айтып берді.

"Бұл азамат кезінде сол бөгетті салу құрылысына қатысқан. 1982 жылы құрылыстың басында болды. Бар болғаны 13 адам үш күн бойы тапжылмай жұмыс істедік. Сонымен қатар зауыттардан техника келді. Ешбір үй суға кеткен жоқ. Негізі Жем өзенінің екі сағасы бізден бастау алады. Бірі ауылдың ішімен, екіншісі ауылдың жанынан өтіп жатыр. Тез қимылдағанның арқасында қауіп төнген үйлерді де алып қалдық. Су 28 наурыз күні кешкі сағат 21:00 шамасында тез көтерілді. Үш сағаттың ішінде шұғыл қимылдың арқасында бір үйге су кірген жоқ. Ауылда өрт сөндіру бөлімінің жеті адамы бар. Өрт сөндірушілердің де еңбегі зор", - деді Мұғалжар ауылының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Мұғалжар ауылы әкімі
Ортада Мұғалжар ауылы әкімі Әлімжан Қорғанбай, оң жақта өрт сөндіруші Берік Әбішев. Фото: Мұғалжар ауылы әкімдігінен

Тасқын кезінде үш күн ұйықтамай бөгетті бекіту жұмыстарына қатысқан өрт сөндірушілердің пікір білдірді.

"Бекетте жеті адам жұмыс істейміз. Биыл бұрын көрмеген ерекше су болды. Көктемде су өткелдерін тазарту жұмыстарын жасадық. Бөгеттердегі құбырлар тазартылды. Мұзды жардық. Ұсақ жұмыс сияқты. Бірақ маңызды шараны уақытында жасап үлгердік. Ауыл іргесіндегі зауыттар техникамен көмектесті. Алғашқы күндер қиын болды. Күн-түн демдік. Тұрғындардың үйіне су кіру қаупі жоғары болды. Бірақ төтеп бере алдық", - деді Мұғалжар ауылы өрт сөндіру бекетінің аға қызметкері Берік Әбішев.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099183-bir-uige-su-kirgen-zhoq-aqtobelik-zeinetker-auylyn-tasqyn-sudan-qalai-aman-alyp-qaldy/