Қаржы

Зектілері

Қазақстанда қай салалар ҚҚС-дан босатылып, қайсына төмендетілген мөлшерлеме белгіленуі мүмкін

Жарияланған күні:

Читать на русском
ақша есептеп отырған адам
Ақша есептеп отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін парламенттің төменгі палатасында Салық кодексіне енгізілуі мүмкін өзгерістер назарға ұсылынды. Мәжілісте ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты өз ойын ортаға салып, Қазақстанда қай салаларды ҚҚС-дан босату ұсынылатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қазақстан Мәжілісінде Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер талқыланды, соның ішінде ҚҚС-қа қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
  • Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесі 16% болып белгіленеді, ал агроөнеркәсіп кешені ҚҚС-тан толық босатылады.
  • Денсаулық сақтау саласына 10% аралық мөлшерлеме ұсынылып отыр, сонымен қатар туризм, IT, шығармашылық индустрия және азық-түлік өндірісі сияқты салаларға да осындай мөлшерлеме қарастырылуда.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәжілісте Салық кодексіне енгізілуі мүмкін өзгерістерге тоқталып өтті.

"Біз ҚҚС-ның сараланған мөлшерлемесін ұсынып отырмыз. Жалпы белгіленген мөлшерлеме 16 пайызды құрайды - бұл базалық мөлшерлеме. Екінші нұсқа - агроөнеркәсіп кешенін ҚҚС-дан толық босату. Бұл ретте біз өз еркімен тіркеу құқығын сақтап отырмыз.

Яғни, егер салық төлеуші өз бетінше ҚҚС төлеуші болғысы келсе, ол бұл құқығын сақтайды. Сондай-ақ 10% аралық мөлшерлеме қарастырылған. Парламентке ұсынылған жобада бұл мөлшерлеме денсаулық сақтау саласына ұсынылып отыр", - деді ол.

Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, жұмыс сапарлары, бизнес өкілдерімен кездесулер мен түрлі алаңдарда талқылаулар жүргізу барысында көптеген ұсыныс түскен.

"Азық-түлік өнімдері мен басқа да санаттағы тауарларға салынатын ҚҚС-ны төмендету туралы бастамалар айтылды. Бұл мәселелердің барлығы қазір талқыланып жатыр. Парламент мәжілісіндегі мамандандырылған топтың жұмысы аясында біз бұл ұсыныстардың барлығын егжей-тегжейлі қарастырамыз деп ойлаймын", - деді Әмрин.

Мәжіліс ҚҚС мөлшерлемелері мен бағыттары туралы толығырақ ақпаратты материалдарында ұсынды.

"Дамуды ынталандыру үшін туризм, IT, шығармашылық индустрия және азық-түлік өндірісі сияқты бірқатар басқа сала үшін 10% аралық мөлшерлеме қарастырылып жатыр", - делінген материалда.

Сондай-ақ Салық кодексінің жобасында БАҚ және агроөнеркәсіп кешенін ҚҚС-дан босата отырып, ҚҚС ставкасын 12%-дан 16%-ға дейін арттыру, сондай-ақ фармацевтика, медициналық қызметтер және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін 10%-дық төмендетілген мөлшерлеме белгілеу ұсынылған.

ҚҚС мөлшерлемесін арттыруға қатысты бұған дейін жария болған ақпарат

Еске сала кетейік, 28 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов қосылған құн салығын көтеруді ұсынды, оның орнына жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төмендету ұсынылды.

Сол күні үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС көтерілгеннен кейін Қазақстанда азық-түлік пен басқа да тауарлар сөзсіз қымбаттайтынын айтқан еді.

Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов сенат кулуарында қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін инфляцияны қалай тежеуге болатыны туралы айтты.

Кейін мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, қосымша құн салығы мәселесін талқылауға қатысты. Сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Президент қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екенін және үкіметтің ұсынған мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтты.

Сондай-ақ мемлекет басшысы үкіметке бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды.

Бұдан соң премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық заңнамасына жаңа түзетулер, атап айтқанда ҚҚС-ның сараланған мөлшерлемесін ұсынды: 16 пайыз - 10 пайыз - 0 пайыз.

Артынша Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері өңірлерде Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерімен бірлесе бизнес-қоғамдастықпен кездесіп, ҚҚС мөлшерлемесін талқылады.

19 ақпанда Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин қосылған құн салығын талқылау аяқталғанын мәлім еткен еді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 жұмыс тобы бүкіл өңірлерді аралап, бизнеспен, кәсіпкерлермен кездесіп шықты. Сол кездесулерде айтылған ұсыныстарды қазір талдап жатырмыз. Ұсыныстарды парламентке енгіземіз", - деген еді ол.

2025 жылдың 20 ақпанында Ұлттық экономика министрлігі мәжіліске салық кодексінің жобасына түзетулер пакетін енгізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2224259-qazaqstanda-qai-salalarga-qqs-tyng-tomendetilgen-molsherlemesin-belgileu-usynylyp-otyr/