Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семей орманындағы алапат өртке қатысты іс бойынша басшылық қызметте болған екі адам сотталды

Опубликовано:

Абай облысындағы өрт сөндіу жұмыстары
Абай облысындағы өрт сөндіу жұмыстары. Фото: t.me/qr_tjm

Абай облысында 14 адамның өліміне әкеп соққан "Семей орманы" резерватындағы ірі өртке қатысты іс бойынша екі бірдей басшыға сот үкімі шықты. Алапат өртті дер кезінде бағамдай алмағаны үшін екеуі де жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бородулиха аудандық сотында "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы қылмыстық іс қаралды.

Сот "Семей орманы" резерватында және Новошульба филиалында басшылық лауазымдарды атқарған В. және К. орман өрті кезінде оларға жүктелген өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындамағанын, жағдайды дұрыс бағаламағанын және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етпегенін, соның салдарынан 14 адам қаза тапқанын анықтады.

В. және К. кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен толық дәлелденген.

Іс бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігінің санкциясымен үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотталушылардың екеуінде де кәмелетке толмаған балалардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы түріндегі жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот В. және К. - ны кінәлі деп тауып, әрқайсысына жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Абай облысындағы орман өрті былтыр 8 маусымда "Семей орманы" табиғи резерватына қарасты Батпаев орман шаруашылығының аумағында тұтанған болатын.

Алдын ала болжам бойынша 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған. Кейін өрт күшейіп, басқа да учаскелерге ойысқан. Сол уақытқа дейін өрт шамамен 60 мың гектар аумақты шарпыған. Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының 14 қызметкері қаза тапты.

Өрттен адамдардың көз жұмуына байланысты Қазақстанда 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған еді.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099714-semei-ormanyndagy-alapat-ortke-qatysty-is-boiynsha-basshylyq-qyzmette-bolgan-eki-adam-sottaldy/