Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір жылдай уақыт кетеді: Бурабайда жартастағы жазуларды өшіру жұмыстары басталды (фото)

Опубликовано:

Бурабай
Бурабай. Көрнекі фото: borovoe.kz

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи парктің ұжымы вандалдардың жартастарда қалдырған жазулары мен суреттерін тазартуды бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ұлттық парктің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі таңда көл жағалауларындағы барлық жартаста, сондай-ақ судың ортасында тұрған Жұмақтаста келушілердің "қолтаңбасы" қалған. Бояулардың көбі бірнеше қабаттан тұрады, қалыңдығы 1 см-ге дейін жетеді, өшіру қиын. Сарапшылардың пікірінше, тау-тастарды толық тазалап шығуға бір жыл уақыт кетеді.

"Вандалдардың әрекеті Ұлттық парктің табиғи ландшафтының келбетін бұзады, сондай-ақ тау-тастарға орны толмас зиян келтіреді. Жартасқа бояу жағуға бірнеше секунд жеткілікті, ал тазарту үшін көптеген сағат жұмыс істеуге тура келеді"- дейді "Бурабай" МҰТП орманшысы Қайырбай Балтабаев.

Оның айтуынша, 10 шаршы сантиметрлік бір әріпті өшіру үшін жағылған бояудың құрамы мен қалыңдығына байланысты 30-50 минут қажет.

"Ұлттық паркте адамдардың қашау немесе басқа да құралдарды қолданып жазуларды өз бетінше қолмен өшіруіне тыйым салынғанын атап өткен жөн. Себебі бұл тастың беткі қабатын жұқартып, бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ, әртүрлі бояу еріткіштер қоршаған ортаға, әсіресе көлдердің биоалуандығына теріс әсер етеді", - делінген ұлттық парк хабарламасында.

Мамандар жартастарды тазарту үшін Ұлттық парктің қоршаған ортаға әсері аз, құрғақ ағынды вакуумды өңдеу арқылы жартастарды тазартатын арнайы құрал сатып алынатынын айтты.

Ұлттық паркте орман инспекторларының сөзінше, Бурабайдың символы – Жұмбақтасты тазарту кезегін қыс мезгіліне, көл бетіне мұз қататын уақытқа қалдыру туралы шешім қабылданғанын айта кетейік.

"Біз Ұлттық парк қонақтарынан табиғат аясында демалуға жауапкершілікпен қарауды, қоршаған ортаны аялауды, жартастағы вандализмге жол бермеуді, мұндай оқиға туралы бізге хабарлауды сұраймыз. Сұлу табиғатты сақтау, оған қамқорлықпен қарау бәріміздің ортақ борышымыз. Келер ұрпаққа не қалдыратынымыз біздің қазіргі іс-әрекетімізге байланысты",- дейді Қайырбай Балтабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101394-bir-zhyldai-uaqyt-ketedi-burabaida-zhartastagy-zhazulardy-oshiru-zhumystary-bastaldy-foto/