Бұрынғы әділет министрі Бекетаевты қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомБилігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың қамауға алу мерзімі тағы ұзартылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сот өкілдері бұрынғы әділет министрінің қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылғанын растады.
"Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен күдікті М.Бекетаевқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын биылғы 21 маусымына дейін ұзартылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы әділет министрі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді.
23 қазанда Антикор ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев екенін растады.
Кейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы Марат Бекетаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланғанын хабарлады.
2023 жылғы 29 желтоқсан күні Бекетаевтың қамау мерзімі 2024 жылғы 21 қаңтарға дейін ұзартылғанын жазған едік.
Марат Бекетаев Әділет министрлігін 2016 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы 5 қаңтарға дейін басқарған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2104614-buryngy-adilet-ministri-beketaevty-qamauga-alu-merzimi-tagy-bir-aiga-uzartyldy/