Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында оқушылар арасында "TechnoLab - ғылым әлеміне саяхат" көрмесі өтті

Жарияланған күні:

Қонаев мектебінің оқушылары
Қонаев мектебінің оқушылары тәжірибе жасап жатыр: №3 Қонаев орта мектебі

21 мамырда Алматы облысы Қонаев қаласындағы орта мектепте оқушыларды ғылыммен айналысуға ынталандыратын ерекше көрме болып өтті. Көрмеге өңірдегі 18 мектептің оқушылары қатысып, жаңа заманауи технологияларды меңгеру бойынша өз машықтарын ел назарына ұсынды. Бұл көрме "Қазақстан халқына" және "Jelken Foundation" қоғамдық қорларының қолдауымен жүзеге асырылып отырған "QH "Білім-инновация" лицейлерінің тәжірибесін енгізу" жобасы аясында өткен. Аталған жоба мен көрме туралы толығырақ тілші материалынан оқыңыздар.

Бүгінгі күні ғылым саласын дамыту – мемлекет алдында тұрған үлкен міндет. Осы міндетті дұрыс атқару мақсатында елімізде көптеген жобалар қолға алынуда. Соның бірі - "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен іске асырылған Алматы облысындағы мектептерге "QH "Білім-инновация" лицейлерінің тәжірибесін енгізу" жобасы. Аталған жобаның мәні – облыстағы технологиялық жабдықталуы төмен мектептерде білім сапасын арттырып, оқушыларды ғылымға ынталандыру, қызығушылығын арттыру.

Нәтижесінде облыс ауылдарындағы 50 мектеп іріктеліп, олардың әрқайсысы инновациялық зертханалық жабдықтармен жабдықталды. Физика, химия, биология кабинеттері толығымен су жаңа мектеп парталарымен, интерактивті тақталармен, зертхана жасауға арналған сапалы құралдармен қамтамасыз етілді.

№3 Қонаев орта мектебіндегі көрме
"Ғылым әлеміне саяхат" көрмесі: №3 Қонаев орта мектебі

Жоба шеңберінде "Білім-инновация" лицейлерінің тәжірибелі оқытушылары бірнеше ай бойы аталған мектептерге менторлық жасап, зертханалық кабинеттердің әлеуетін толық пайдаланып, оларды дұрыс қолдануды үйретті. Қонаев қаласындағы №3 орта мектепте ұйымдастырылып отырған "TechnoLab: ғылым әлеміне саяхат" көрмесі де осы ауқымы зор жобаның қорытындысы іспетті болды.

Көрмеге жобада қамтылған мектептердің оқушылары мен ұстаздары жаңа зертханалық жабдықтар мен құралдарды пайдалану нәтижесінде меңгерген машықтарын паш етті. Облыстың түкпір-түкпірінен келген ауыл оқушылары ғылымға қадам басып, түрлі құбылыстар мен процестердің қалай жүзеге асатынын өз көзімен көріп, дән риза. Тіпті кейбірі эксперименттер жасап, бұл тәжірибелерін жалғастыруға ниетті.

Еңбекшіқазақ ауданы Сарыбұлақ ауылындағы №8 орта мектептің оқушылары Жанайым мен Азамат да бүгінгі көрмеге өздерінің жаңа кабинеттерде жасаған тәжірибелерін көрсету үшін келіпті.

"Бұған дейін физика, билогия пәндерін ұнатпайтынмын, қатысқым келмейтін. Алайда жаңа құралдармен жұмыс істеу жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығымды арттырды. Мен қазір сабаққа белсенді араласып, өзім де түрлі тәжірибелер жасап жүрмін", - дейді Жанайым.

Ал Азамат болса, картоптағы электр энергиясын пайдалану арқылы батарея жасау тәжірибесін көрсетті. Болашақта ол бұл тәжірибесінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Сарыбұлақ ауылынан келген оқушылар
Сарыбұлақ ауылынан келген оқушылар: №3 Қонаев орта мектебі

Жамбыл ауданы Таңбалытас орта мектебінің оқушысы Амина Жасұланқызы болса, "Жасанды қан" тәжірибесін жасап көрсетті. Түрлі химиялық элементтерге сапалық реакция жүргізу арқылы олар сан алуан сахналық образдарды сомдауда пайдаланатын жасанды қанды қалай жасауға болатынын айтып берді. Оқушылардың ұстаздары бұл жабдықтардың әлі де біраз оқушының ғылымға ынтасын арттыратынына сенімді.

"Қазақстан халқына" қорының ықпалымен бүгінгі күні 50 мектептің 150 кабинеті жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды. Оқушыларымыз бұл модификациялық кабинеттерді қалай қолданып, мүмкіндіктерін қалай пайдаланып жатқанын, алған теориялық білімін практикамен қалай ұштастырып жатқанын көру үшін осы көрме ұйымдастырылып отыр. Бүгін міне, осы 50 мектептің 18-і өз оқушыларын алып келіп отыр. Аталған жоба аясында менторлар жұмыс істеді. Бұл кісілер біздің мұғалімдерге үздіксіз көмектерін беріп, сабақтарына қатысып, әдістемелік жұмыстарын жүргізді. Облыстық білім басқармасы атынан, облыстық әдістемелік орталық мамандары атынан үлкен алғыс білдіреміз. Себебі бізде үлкен өзгеріс бар, оқушыларда білімге деген жаңа көзқарас пайда болды. Мұғалімдердің кәсіби шеберліктері шыңдалып жатыр. Біз оны көріп отырмыз.

Бүгінгі көрме ұстаздар үшін өзара тәжірибе алмасу алаңы болса, оқушыларымыз үшін теорияны практикамен ұштастыруына, заман талабына сай функционалдық сауаттылық, яғни болашақта мамандық таңдауына бағыттайтын үлкен мүмкіндік деп ойлаймын", - дейді шарада сөз алған Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлжиһан Иманхатова.

Айта кету керек, мектептерді іріктеу кезінде ұстаздардың да деңгейіне көп мән берілген. Мәселен, мектеп мұғалімдерінің зерттеу жасауына, тәжірибелік қорының артуына, оқушылармен бірге дамып, деңгейін көтеруіне ықпал ету үшін жабдықталуы нашар мектептер таңдалған.

"Табысты 50" мектеп жобасына қатысқан оқушылар мен менторлар
Көрмеге қатысқан оқушылар мен менторлар: №3 Қонаев орта мектебі

"Бүгінгі көрме, біздің жұмысымыздың көрсеткіші. Осы жоба арқасында сіздер ары қарай ғылымға қызығып, ғылыми жобалар жасап, әлемдік деңгейде жаңалық ашады деген үміттемін. Барлығымыздың мақсатымыз – сол. Бұған дейін мен ауыл мектептеріне еш бармаған адаммын. Осы жобаның арқасында көптеген ауыл мектептерін көрдім. Қазір ауыл мектебіне деген көзқарасым өте жоғары. Сіздің деңгейлеріңіз, білімдеріңіз өте жоғары. Ауыл мектептерінде осындай мықты лабораториялық кабинеттер бар десем, ешкім сенбейді. Сіздерге бұл үлкен мүмкіндік. Қанша мектептің арасынан 50 мектеп таңдалды, осы мүмкіндікті тиісінше пайдаланады деп сенемін. Оқушыларға айтарым, осы білімді қолданыңыздар, ұстаздармен бірге биік шыңдарға жете беріңіздер", - деді "Табысты 50 мектеп" жобасының Алматы облысы бойынша координаторы Олжас Мамбетов.

Алғыс хат алған оқушылар
Алғыс хат алған оқушылар: №3 Қонаев орта мектебі

Көрме соңында оқушылар мен ұстаздарға ұйымдастырушылар атынан алғысхаттар пен танымал кітап дүкенінің 5000 теңгелік сертификаттары табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2104785-almaty-oblysynda-oqushylar-arasynda-technolab-gylym-alemine-saiahat-kormesi-otti/