Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте бір мезетте 12 мың адам мінәжат ете алатын үлкен мешіт ашылды (фото)

Жарияланған күні:

мешіт
Жаңа мешіт. Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Шымкентте бір мезетте 12 мың адам мінәжат ете алатын үлкен мешіт ашылды. Ашылу салтанатына белгілі саудиялық каллиграф Шейх Осман Тоһа қатысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Нұрсәт шағынауданында Сейітжан қари Есжанұлы атындағы мешіт ашылды. Ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, дін ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар зәулім мешіттің ашылу рәсіміне Меккеден шейх Осман Тоhа да арнайы келген.

мешіт
Каллиграф Осман Тоһа, Шымкент қаласы әкімі және бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Қала әкімі көпшілікке мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, еңселі мешіт асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосатынын атап өтті. Ғабит Әбдімәжитұлы қасиетті Құранды қолымен жазған шейх Осман Тоhаға сый-сыяпат жасады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да жаңа мешіт елге қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.

"Алланың үйі мешітіміз құтты болсын. Осы мешітің салынуына қолдау көрсеткен қала әкіміне ерекше алғыс айтамын. Ғасырлар бойы дінімізге қызмет ететін мешіт салып берген Серікжан Сейітжанұлы ағамызға да алғысымыз шексіз. Еңселі мешіт елге, дінге қызмет ете берсін", - деді бас мүфти.

мешіт
Ашылу салтанатына жиналған халық. Фото: KAZ.NUR.KZ

Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият атынан Осман Тоhаға шапан жауып, құрмет көрсетті. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі ең үлкен мешіттің ашылуына парламент сенатының депутаты Әли Бектаев, мәжіліс депутаты Данабек Исабеков қатысып, ізгі тілектерін айтты. Іс-шара соңында бас мүфти жамағатқа уағыз айтып, жұма намазын өткізді.

Сейітжан қари Есжанұлы атындағы мешіттің аумағында 736 көлікке арналған жер асты паркингі жұмыс істейді. Сондай ақ мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапханалар орналасқан. Сонымен қатар әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталық пен асхана да қарастырылған. Көлемі 4 гектарды алып жатқан көгалдандыру аумағы бар.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2106633-shymkentte-bir-mezette-12-myng-adam-minazhat-ete-alatyn-ulken-meshit-ashyldy-foto/