"Таза Қазақстан": Ұлытау өңірінде "таза бейсенбілік" акциясы өтті
Жарияланған күні:

2024 жылғы 30 мамырда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысының барлық қала мен аудандарында жалпыоблыстық «таза бейсенбілік» өтті.
Тазалық шарасына облыстың қала мен аудандарының барлық мекемелері қатысты. Жалпы, 173 ұжымнан 1289 адам, 54 арнайы техника жұмылдырылды. Облыс бойынша 100 тонна қоқыс шығарылды.
Сондай-ақ қалалардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да бүгінгі бейсенбілікте аулаларын жинап, ретке келтірді. ПИК-тердің ұйымдастыруымен тұрғындар тазалық жүргізді.

Бейсенбіліктер аясында облыстың қала мен аудандарындағы әкімдіктердің жауапты мамандары жергілікті аумақтардағы көшелерді аралап санитарлық тазалықты тексерді. Санитарлық тазалықты сақтамаған, абаттандыру ережесіне сәйкес келмейтін нысандардың иелерімен тілдесіп, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзеу қажеттігін айтып, ескерту жасады.

Ғимараттар алдын тазалау, аумақты абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, коммуналдық мекемелер басшыларына қала- аудан көшелерін, жаяу жүргінші жолдары мен аялдама аумақтарын тазарту және қоқыстан арылту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2109735-taza-qazaqstan-ulytau-ongirinde-taza-beisenbilik-aktsiiasy-otti/