Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ҰБТ-2024: жоғары балл алған оқушылардың бірі сұқбат берді

Опубликовано:

Айдос Қожанов мұғалім әкесімен
Айдос Қожанов мұғалім әкесімен. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Білімдерін сынаған түлектердің арасында әзірге ең жоғары балл алған оқушы анықталды: әзірге дейтініміз, ҰБТ 12 шілдеге дейін жалғасады. KAZ.NUR.KZ тілшісі жоғары балл алған оқушылардың бірінен сұқбат алған болатын. Толығырақ бүгінгі материалымыздан оқыңыздар.

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу жалғасып жатыр. Қазақстан бойынша әзірге ең көп балл жинаған оқушы анықталды. Ол – Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Айдос Қожанов. Төртінші маусым күні он бір жылдық білімін сынауға кірген түлек 138 балл жинады. Айдос мұндай нәтижені қанша армандасам да, көрсеткіш монитордан шыққанда таңғалдым дейді.

“138 баллды көргенде қатты таңғалдым. Сол жердегі бақылаушы апайлар да сенбей, таңғалып тұрды. Кейін қай сұрақтан қателескенімді тексердім. Математика мен тарих сабағынан екі сұрақтан сүрінген екенмін. Екеуі де оңай тапсырмалар еді. Нәтижеме қуаныштымын. Қазақстан бойынша үздіктердің қатарынан болу керемет сезім екен. Бірінші сүйіншіні Алматыда жұмыс істеп жүрген ағамнан сұрадым. Үйде алты баламыз. Мен бесіншісімін. Бір жас үлкен ағам да биыл түлек атанып, ҰБТ тапсырды. Ол 118 балл жинады”, - дейді Айдос Қожанов.

Айдос физика пәнін таңдаған. Өзі әкесі сияқты математика пәнінен сабақ беруді қалайды. Ұлының жоғары көрсеткішіне әкесі де дән риза. Мұғалім ретінде 30 жылдай еңбек өтілі бар Хайрулла Қожанов ұлына есеп шығарудан ешқашан көмектеспегенін айтады.

“ Балам кішкентай кезінен өте тиянақты. Есеп деген жинақылықты қалайтын сала ғой. Айдостан үлкен балаларымның бәрі математик. Бәрі Алматыға грантқа оқуға түскен. Аналары үйде. Үй шаруасымен отыр. ҰБТ тапсыратын жерге аналары барды. Сөйтіп, нәтижені сүйіншілеп айтқанда қатты қуандым. Бұл баламның таңнан қара кешке дейін мектептен шықпай, оқыған сабағының нәтижесі ғой”, - дейді Хайрулла Қожанов.

Айдос Қожановтың мұғалімі
Айдос Қожановтың мұғалімі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Айдос Кентаудағы жекеменшік мектепке биыл барған. 10-11 сынып оқушыларына арналған білім ұясына шәкірттер тест арқылы іріктеліп қабылданады. Сол кезде де Айдос жүзден аса баланың ішінде топ жарып, үздік атанған екен. Сөйтіп, сабақты тереңдетіп беретін мектепте тегін оқуға оқуға мүмкіндік алыпты.

“Бүгінгі күнге дейін 110 баламыз ҰБТ-ға кіріп шықты. Оның 85-87 пайызы 100 балдан асып отыр. Ал Айдос болса біздің мақтанышымыз. Қазақстан бойынша әзірге рекорд қойды. Бұл жігіт бізде жылдың басынан бері жоғары балл жинап келе жатыр. Бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Біздің бұл баладан үлкен үмітіміз болды. Күттік. Үмітіміз ақталды”, - дейді мектеп директоры Шахрух Каримжанов.

Айта кетейік, бұл – Айдос Қожановтың ҰБТ дағы бірінші мүмкіндіктен алған көрсеткіші. Математика және тарих пәнінен екі сұрақтан сүрінген талапкер бір айдан соң тағы да бақ сынайды. Және 140 баллмен рекорд орнатуды қалайды.

Авторы: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2112288-ubt-2024-zhogary-ball-algan-oqushylardyng-biri-suqbat-berdi/