"Құлсарыға көмекке барған құтқарушылар үйіне қайтар жолда иен далада пойыз күтіп қалған": ҚТЖ пікір білдірді
Жарияланған күні:
Атырау облысы Құлсары қаласына өңірлерден көмекке келген құтқарушылар үш сағат бойы елсіз далада ас-сусыз пойыз локомотивін ауыстыруды күткен. Ақпаратқа қатысты "Қазақстан теміржолы" компаниясы өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы журналист Сандуғаш Дүйсенованың Instagram-дағы парақшасынан белгілі болды. Автордың жазуынша, 3 маусымда үйлеріне жол тартқан құтқарушылардың бір тобы түн ішінде жапан далада үш сағаттай пойыз локомотивінің ауыстырылуын күтіп қалған.
"Бұл – атыраулық құтқарушыларымыз. Сәуір айында құтқарушылар апат аймағында қалған адамдарға көмектесу үшін Құлсарыға барды. Су тасқынының беті қайтқаннан кейін көпшілігі үйлеріне оралды, ал кейбірі аумақтарды тазартуға көмектесу үшін қалды. Түнде оларды пойызға отырғызып жіберген, ал таңертең олар елсіз далада қалды. Локомативті алып кеткен. Құтқарушылар үш сағаттан астам уақыт бойы ас-сусыз отырды", - дейді жазба авторы Сандуғаш Дүйсенова.
Автор сәуір айында құтқарушыларды су тасқыны болған аймақтарға ұшақпен алдыртып, үйіне жүк таситын вагондармен қайтарылғанына ашуланды.
"Құтқарушылар, бәріне шыдайды. Бірақ біз ұятқа қалдық! Жігіттер адамдарды құтқаруға барды, екі ай жұмыс істеді, енді олар осылай қорлана ма? Атырауға көмекке шақырылған кезде ұшақпен алдыртты. Кейбіреулері үйлеріне жүк пойызымен қайтарылғанын айтып жатыр. Олар үйлеріне 8 күн дегенде әрең жеткен. Осыдан кейін мемлекетке қалай қызмет етеді? Ұят-ай", - делінген жазбада.
"Қазақстан теміржолы" компаниясы өкілі осыған қатысты түсініктеме берді. Компания ақпаратына сүйенсек, құтқарушыларды үйіне жеткізу үшін Атырау-Сексеуіл-Жезқазған-Түркістан бағытындағы пойыз 2 маусымда жолға шыққан. Сондай-ақ олар локомотивтің ауыстырылғанын растады.
"Су тасқыны салдарын жоюға қатысқан адамдарды тасымалдау үшін жолаушылар вагондары құрылды. Атырау-Сексеуіл-Жезқазған-Түркістан бағыты бойынша пойыз Атыраудан 2 маусымда сағат 23.00-де жолға шықты. Жолда локомотивті ауыстыру және вагондарды сумен жабдықтау үшін жоспарлы аялдамалар болды. Бұл маневрлер ірі станцияларда жүргізілді. Пойыз Мақат, Қандыағаш, Жем сияқты станциялардан өтті. Бүгін құрам Қызылорда қаласына келеді, ертең өз маршрутын Түркістан қаласында аяқтайтын болады", - делінген ақпаратта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2111973-qulsaryga-komekke-bargan-qutqarushylar-uiine-qaitar-zholda-ien-dalada-poiyz-kutip-qalgan-qtzh-zhelidegi-zhazbaga-qatysty-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.