Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында аудан әкімінің орынбасары мен аппарат басшысы арасындағы жанжал төбелеске ұласқан

Опубликовано:

Жұдырық
Жұдырық. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары мен аппарат басшысы арасында жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан. Желіде пайда болған ақпаратты облыс әкімдігі өкілдері растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл оқиға туралы журналист Әділ Төлепбергеновтың Instagram-дағы парақшасынан белгілі болды. Оның сөзіне сүйенсек, аудан әкімінің орынбасары аппарат басшысына қол көтерген. Шенеуніктердің төбелесі әкімдік ғимаратында болған.

Бұған қатысты Ақмола облыстық әкімдігі өкілдері түсінік берді. Айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті аталған ақпарат расталғаннан кейін Шортанды ауданы әкімінің орынбасарына қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу тағайындалған.

Алайда 2024 жылдың 1 маусымынан бастап ол берген өтініші негізінде атқарған қызметінен босатылған.

Әкімдіктегілер "Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда әдеп нормаларын бұзуға жол берген адамдарды тәртіптік жауаптылығы қаралғанға дейін өз қалауы бойынша жұмыстан шығаруға тыйым салу көзделмегенін еске салды.

Сондай-ақ Шортанды аудандық полиция бөлімі аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Бұдан басқа Мемлекеттік қызмет істері департаменті Ақмола облысының әкіміне Шортанды ауданы әкімі С. Шабаровтың бағынысты адамдарға тиісті бақылаудың жоқтығы үшін тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы хат жолданғаны белгілі болды.

"Қызметкердің әдеп нормасын өрескел бұзу фактісін ескере келе облыс әкімдігі басшылығы аудан әкімі тарапынан бақылаудың жоқтығы турасында жауапкершілік мәселесін қарастырып жатыр", - деді Ақмола облысы әкімдігі баспасөз хатшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2113206-aqmola-oblysynda-audan-akimining-orynbasary-men-apparat-basshysy-arasyndagy-zhanzhal-tobeleske-ulasqan/