Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Егістікті жайпап жатыр: Қазақстанның тағы бір өңірінде шегіртке қаптады

Опубликовано:

Шегіртке
Шегіртке. Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Байтоғай ауылын шегіртке басып қалды, деп хабарлайды Qazaqstan.tv.

Телеарна тілшісінің мәлімдеуінше, зиянкестер бас-аяғы 3-4 күннің ішінде Байтоғай елді мекені төңірегіндегі 41 мың гектар жерге жайылып кеткен. Азық іздеген жәндіктер ешнәрсеге бой беретін емес..

"Бірден дүмеп, қарша орап қыр жақтан келді де талап, бір екі сағаттың ішінде жоқ болды. Дәл қазіргі жағдайда бәрі өлді. Сабақтары ғана қалды. Жапырағын жеп кеткен. Сабағынан енді өніп шықпайды", - дейді ауыл тұрғыны Зульфия Әбішева.

Шегіртке егістік былай тұрсын, есік алдындағы алақандай жерге бақша отырғызғандардың өзін әбігерге салған.

"Жағып, шегірткеден қорғанып жатқанымыз ғой. Оған кетіп те қарық болып жатқан жоқ. Қорықпайды екен. Далбаса екен. Бекерге балон жаққаның қалады", - дейді ауыл тұрғыны Ілияс Адамбаев.

Қазір ауылда шегіртке қарсы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы штаб құрылған. Оның құрамында ауылшаруашылағы министрілігі, жергілікті билік, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария, фиосанитария құрылымдарының мамандары бар.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ұйымдастыру жұмыстарын жедел басқару үшін Жетісу облысына, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына, ауыл шаруашылығы вице-министрлері Қостанай және Ақтөбе облыстарына жұмыс сапарымен барады. 

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 46 қызметкері Түркістан облысына іссапарға жіберілді, олар өңдеуге тиісті жерлерді анықтау мақсатында аумақтарды зерттеуде. Зиянкестердің таралу аймақтары анықталған жағдайда химиялық заттардың екі еселенген дозасымен қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысы Амангелді ауданында шегіртке қаптай бастағанын жазған едік. Химиялық улау жұмыстарын жүргізуге ауа райы кедергі болып тұрғандықтан, мамандар үйірлі шегірткенің таралу жолына тоқтау бола алмай отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115306-egindi-zhaipap-zhatyr-qazaqstannyng-tagy-bir-ongirinde-shegirtke-qaptady/