Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайдан келді": Қостанай облысында шегіртке қаптады (видео)

Опубликовано:

шегіртке
Шегіртке. Көрнекі фото: pixabay.com

Қостанай облысы Амангелді ауданында шегіртке қаптай бастады. Жанкелдин ауданы Албарбөгет ауылы маңында зиянкестер үйірімен өріп жүр. Мамыр айында ғана өңірге барып қайтқан вице-премьер Серік Жұманғарин былтырғы жағдайдан сабақ алынғанын, биылға әзірлік жүргізілетінін айтқан еді. Алайда өңірде оларды улау жұмысы әлі басталған жоқ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желі қолданушылары үйірлі шегірткенің көшін видеоға түсіріп алған.

"Албарбөгет ауылына шығатын Тоқанайдың қырында шегіртке қаптады. Масқара, құдай сақтасын! Мыналардың әлі қанаты шыққан жоқ. Қайдан келді? Өріп жүр. Бәрі бір бағытпен Тоқанай жаққа бара жатыр", - дейді бейнежазба авторы.

Мамандар үйірлі шегірткелердің таралу жолына тоқтау бола алмай отыр. Химиялық улау жұмыстарын жүргізуге ауа райы кедергі болып тұр дейді.

"Қолайлы күн райын күтіп отырмыз. Осымен екінші күн мына жерде жұмыс істей алмадық. Жел басылған соң химиялық өндеуге кірісеміз. Техника әзір тұр", - дейді Амангелді аудандық аймақтық инспекциясының басшысы Жандос Саттаров.

Зиянкестерді улауға штангалық бүріккішпен "Карат супер 100" препаратын пайдаланбақ. Химиялық өндеу жұмыстарын Шымкент қаласынан келген "Защита и К" ЖШС жүргізеді.

Айта кетейік, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 31 мамырда Қостанай облысына барып, шегірткемен күрес жолдарын өзі бақылап қайтқан еді. Зиянкестердің бұл түрінің таралу болжамы бойынша, аудан көлемі жағынан Тобыл өңірі екінші орында тұр – 775,6 мың гектар.

Вице-министр былтырдан сабақ алдық, биыл тас түйін әзірлік жүргіземіз деген еді. Былтыр ауыл шаруашылығы министрлігі зиянкестер 1 млн гектар алқапқа ғана тарайды деп болжам жасаған. Дегенмен шегіртке 2,5 млн гектар егінге жайылды.

"Біз былтырғы қателіктерді ескеріп, биыл жеткілікті техника, гербицидтер сатып алдық. Мұнда қазір даму сатысының 2 фазасы жүріп жатыр. Ауа райы салқын, жаңбырлы болып шегіртке таралымын шектеді. Әзірлікті пысықтап алуға уақытымыз бар. Мұнда техника, дельтаплан, ұшақтар дайын", - деді сол кезде тілшілерге берген сұқбатында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

Зиянкеспен күрес шаралары өңірдегі 17 ауданның 15-нде жүргізіліп жатыр. 6 мың гектарға жуық алқап өнделді. Мамандардың сөзінше, шегіртке зиянкестері үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Соның ішінде үйірлі шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарына аса қауіпті. Биыл облыстағы 4,9 млн га алқапта мамандар мониторинг жүргізіп, жіті бақылауда ұстамақшы.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115057-qaidan-keldi-qostanai-oblysynda-uiirli-shegirtke-qaptady-video/