Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Улауға 100 млн теңге бөлінді": атыраулықтар маса қаптағанына шағымданды

Жарияланған күні:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Атырау мен қала маңындағы елді мекен тұрғындары маса қаптап кетті деп шағымданды. Халық күндіз де, түнде де сыртқа шыға алмай отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырауға аптап келді. Соған қарамастан далада күндіз де, кешкі мезгілде де маса құжынап тұр. Тұрғындардың айтуынша, сояудай масалар көшеде жүргізбейді. Әсіресе қала маңындағы елді мекен тұрғындары зардап шегуде.

"Нұрсая ықшамауданында тұрамыз. Масалар қол-аяққа жабысып, көшеде жүру тіпті мүмкін емес. Үй терезесінің торын да маса қаптап тұр. Далада жаз болса да балалармен серуендей алмай отырмыз. Балалар үйде қамалып отыр. Өйткені есік алдына шығып келгеннің өзінде қып-қызыл етіп шағып тастайды", - дейді Атырау қаласының тұрғыны Мөлдір Әнуарбек.

Қала мағындағы Жаңаталап ауылының тұрғындары тіпті егінін суаруға мүмкіндік жоқ екенін айтады.

"Бір уақытта үстіңе 100 шақты маса қонып талап тастайды. Күндіз күн жанып тұрған кезде де шағады. Қаланың орталығын ғана улап жатыр, бізге әлі жеткен жоқ. Балалардың беті қызыл-ала. Қадағалайтын органдар қайда қарап отыр?", - деп шағымданды тұрғын Әли Мұратұлы.

Әлеуметтік желіде де шағымданғандар көп.

"Кешке далаға шығудан қалдық, қашанғы шыдауға болады?", "Миллиондап ақша бөлініп жатыр ғой. Әкімдік бір нәрсе жасамай ма?", "Жазда өмір сүру мүмкін емес, ыстық, маса, одан қалса зауыттар улап жатыр" - деп пікір қалдырған әлеуметтік желіде атыраулықтар.

Қала әкімдігіндегі жауапты мамандардың мәліметінше, биыл маса улау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінген.

Улау жұмыстарын жүргізу үшін қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы ашық электронды конкурсты үш рет жариялаған. Алайда жеңімпаз мердігер мекемелердің құжаты толық болмауынан, конкурс қайта жарияланыпты. Жеңімпаз мекеме 13 маусымда белгілі болады. Қазіргі кезде демеушілік есебінен дизенфекция жұмысы жүргізіліп жатыр. Маса улау жұмыстарының жылдағыдан кеш басталу себебі де осыдан дейді жауаптылар.

"Қалада масаның көптігі туралы тұрғындардан арыз-шағымдар көптеп түсті. Оның басты себебі – Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі. Осыған байланысты қалалық әкімдік және демеуші мекемелер тарапынан қаланы улау жұмыстары мамыр айының аяғында басталды. Ең алдымен көпқабатты үйлердің жертөлелерін және ашық көзді су алаңдарын, яғни Ерік-Мостовой каналдарының бойын және саябақ пен алаңдарда, адам көп жиналатын жерде дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Аталған жұмысты "AG Disinfection services" ЖШС мердігер мекемесі атқарып жатыр", - дейді Атырау қаласының тұрғын-үй коммуналды шаруашылық секторының меңгерушісі Темірлан Әубәкіров.

Мамандардың айтуынша, маса улау үшін қолданылатын препараттар жыл сайын сынақтан өтеді. Дезинфекциялауға арналған препараттардың қоғамға, қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Қазіргі уақытта Атырау қаласы аумағында улау жұмыстарына төрт бригада, 25 адам жұмылдырылған.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115585-ulauga-100-mln-tengge-bolindi-atyraulyqtar-masanyng-koptigine-shagymdandy/