Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде тасқыннан кейін үйінің қабырғасы жарылған көпбалалы отбасы 4,5 млн теңге өтемақы алды

Жарияланған күні:

Тайлақбаевтардың баспанасы
Тайлақбаевтардың баспанасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында 172 отбасы босып жүр. Көктемгі су тасқыны кезінде жалғыз баспанасы жарамсыз болып қалғандар әлі күнге жатақхананы паналауға мәжбүр. Олардың қатарында сегіз балалы ақтөбелік Марат Тайлақбаев та бар. Арнайы комиссия қабырғасы жарылған үйіне 4,5 млн теңге өтемақы есептеп берген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы АЗФ-6 бау-бақша ұжымының тұрғыны Марат Тайлақбаев – сегіз баланың әкесі. Су тасқыны кезінде жалғыз баспанасы бір апта суда тұрған. Қазіргі уақытта арнайы комиссия көпбалалы отбасының шаңырағына келген шығынды 4,5 млн теңге деп есептеп берді. Отбасы қабырғасы жарылып, іргетасы отырған шаңырағына жөндеу жұмыстарын бастап кетті.

жарылған қабырға
Жарылған қабырға. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үйіміз 28 наурызда суға кетті. Үйдің ішіне түгел су кірді. Қазір сегіз баламен жатақханада тұрып жатырмыз. Шаршадық. Комиссия тексеріп кеткеннен кейін қабырғалары жарылды. Үйіміздің ішінен дала көрінеді. Өтемақы ретінде бізге 4,5 млн теңге берді. Білесіздер, құрылыс материалдары қымбат. Адам жалдап жасатуға шама келмейді. Күйеуім балалармен өзі жасап жатыр. Берген азғантай ақшаны жыртығымызды жабуға жеткізу керек. Жатақханада жатырмыз. Құжаты қозғалмаған адамдар бар. Үй алып, қуанып шығып жатқан ешкім жоқ. Халық шаршап, шыдамы шегіне жетіп жүр", - деді көпбалалы ана Тоты Нұрсұлтанова.

тасқыннан зақымданған үй
Тайлақбаевтардың баспанасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Көпбалалы отбасы кезінде саяжайдағы шағын үйге жапсарлас бөлме қосқан. Пәтер жалдап тұру қиын болғандықтан қалған құрылысты осы жерде тұрып жалғастырған. Әлі де аяқталмаған бөлмелер бар. Сондықтан үйдің техникалық құжаты реттелмеген.

"2019 жылы осы саяжайдан жер алып, үйді әлі салып жатырмын. Бес-он теңгенің басын қосып, жамап отырғанмын. Су тасқыны барлық еңбекті шайып кетті. Қосылған бөлмелердің құжаты жасалмағандықтан үйдің техникалық құжаты дұрыс емес. Сондықтан жағдайымыз да мәз емес. Құрылысшы емеспін. Бірақ жөндеуді өзім жасап жатырмын. Ісініп кеткен терезелерді ауыстырдым. Жарамсыз болып қалған есіктің бәрін алдым", - деді үй иесі Марат Тайлақбаев.

Марат Тайлақбаев
Марат Тайлақбаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бұл Ақтөбе қаласында су тасқынынан кейін зардап шегіп отырған бір ғана отбасы. Қазір қаладағы жатақхананы 1131 тұрғын паналап отыр.

Су тасқыны кезінде баспанасы жарамсыз боп қалған 172 отбасының бірде-бірі әлі жаңа баспанаға кірген жоқ.

"Әзірге ешкім баспана алған жоқ. Пәтерлерді "Өтемұратов қоры" сатып алып жатыр. Осы айда беріле бастайды. Жаңа пәтерлердің қабырғалары дайын нұсқада емес. Оны әктеп, дайын етуге уақыт алады. Оны тұрғындармен кездесуде түсіндірді", - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе қаласы бойынша 3594 үй су тасқынынан зардап шекті. Оның 363-і жеке үй болса, 3231-і саяжай үйі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115933-aqtobede-tasqynnan-keiin-uiining-qabyrgasy-zharylgan-kopbalaly-otbasy-4-5-mln-tengge-otemaqy-aldy/