Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірген әйел 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Сотталушыға қатысты сот 21 мамырда басталған еді. Бір айға созылған сот ашық өтті. Айыпталушы – 31 жастағы Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны. Ал жәбірленуші оның күйеуі, марқұм балалардың әкесі болды.
Өз балаларын тұншықтырып өлтірді деп күдікке ілінген әйелдің адвокаты соттың алқабилер қатысуымен өтуіне, әрі келіншекке психиатриялық сараптама жасалуына өтініш берген. Сараптама қорытындысы бойынша үш және төрт жастағы балаларын өлтіргенде әйелдің ақыл-есі дұрыс болғаны анықталды.
"Сараптама 6 наурызда басталып, 4 сәуірде аяқталған. 29 күнде толық бақылаудан өткен. Мамандар есі дұрыс деген жауап берген. Ал бұл қылмысқа мотив ретінде сотталушының күйеуімен араздығы себеп болуы мүмкін. Біз оны тіпті іске де тіркедік. Яғни айыпталушы мен жәбірленушінің жазған хабарламасынан 15 күн вахтада жұмыс істеген күйеуінің 15 күн демалысында үйіне келмейтіні мәлім болды. Содан екеудің арасында ұрыс басталған", - дейді Түркістан облыстық қылмыстық істеп жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.
Кәмелет жасына толмаған баланы өлтіру бабы бойынша қозғалған істе айыпталушыға прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
"Іс бойынша сотталушының жеңілдететін мән-жайлары ретінде оның бұрын сотты болмағаны ескерілді. Одан бөлек іс бойынша қылмыстық іс-әрекетін ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқпыз", - дейді прокурор Айгүл Бекмырзаева.
Ал сотталушының адвокаты әйелдің психологиялық ауытқушылығы барына сенімді. Сөзінше, тұқымқуалаушылық ауру оның туған-туыстарында да бар. Және келіншек адвокатымен сөйлескенде бұл әрекетке құлағына біреу сыбырлағаннан жасағанын айтқан.
"Біз әлі апелляцияға береміз. Үкіммен келіспейміз. Өйткені қорғауымдағы азаматшаның берген жауаптары бір-бірімен мүлде сәйкес келмейді. Психологиялық сараптама қорытындысына да көңіліміз толмайды", - дейді әйелдің адвокаты Айнагүл Рүстемова.
Алқабилердің шешімі бойынша сотталушы 15 жылға сотталды.
Айта кетейік, 7 ақпанда Түркістанда жалдамалы пәтерден екі бала өлі табылғанын, анасы мекенжайды құрбысына айтып, қашып кеткенін жазған едік.
Кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жалдамалы пәтерде өлі табылған екі баланың оқиғасына қатысты тың деректер жариялаған болатын.
Екі баласын өлтірді деп күдікке ілінген әйел ертеңінде Шымкентте ұсталды. Кінәсін толық мойындаған ол бұл қылмысқа күйеуіне ренжігеннен барғанын мәлімдеді.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121258-turkistanda-eki-balasyn-tunshyqtyryp-oltirgen-aielge-sot-ukimi-shyqty/