"Қарай бергің келеді": терезесінен сұлу табиғатты тамашалауға болатын ауылдағы үйдің иесі сұқбат берді (фото)
Жарияланған күні:
Терезесінен жаздың әдемі кеші мен тауға ғажайып көрініс ашылатын заманауи ауыл үйі желі қолданушыларын таңдай қақтырды. Желі арқылы әп-сәтте танымал болған терезесі үлкен үйде Жүсіпбаевтер әулеті тұрады. Шаңырақ иелері Есен мен Зура алты бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берген Есен Жүсіпбаев желідегілердің арманындағы үйді қалай салғанын айтты.
Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қаражар ауылы - Есен Жүсіпбаевтың туып-өскен жері. Осыдан сегіз жыл бұрын ауыл тұрғыны ескі қарашаңырақтың қасынан қазір тұрып жатқан жаңа үйінің іргетасын қалаған.
"Осы ауылда туып-өскенмін, мына үйді бастағанымызға биыл сегіз жыл болыпты, былтыр қара күзде кірдік. Үйді жеті жыл салдық. Жобасын өзіміз сыздық, құрылыстың көп жұмысын өзім ұлдарыммен бірге істедім. Туысқандар, жолдастар көмектесті", - дейді ол.
Бір қызығы бұған дейін Есен Жүсіпбаев құрылыспен айналыспаған.
"11 жылдай ауылдағы мәдениет үйінде меңгеруші болып істедім, одан кейін мәдениет үйінде күзетшілікке ауыстым, былтыр осы үйге көшіп кіргеннен кейін екінші жұмысқа орналастым, мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісімін. Алты бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым Зура мектепте орыс тілінен сабақ береді", - деп өзін, отбасын таныстырды үй иесі.
Есен Жүсіпбаев жұмыстан бос уақытында фотоаппаратын мойнына асып алып, тау-тас аралап, Баянауылдың әдемі көрінісін суретке түсіргенді ұнатады екен. Айтуынша, бұл өнер әкесінен және атасынан дарыған. Ол қолынан шыққан әр фото, видеоны желіге жүктеп отыруды әдетке айналдырған. Сондай бір видеосы Tik-Tok пен Instagram-да желі қолданушыларының көңілінен шықты. Үйінің үлкен терезесінен сыртқа қарап тұрғандағы көрініс кімді болса да бейжай қалдырмады. Тіпті танымал блогерлер видеоға пікір қалдырған.
"Қай жер, қай ауыл екен бұл? Қандай керемет!", "Демалыс орны ма?", "Ауылда тұрғым келеді", " Желіден небір байлардың үйін көрдік, небір шетелді де көрдік, бірақ осындай жүрекке жылы, өзіміздің қарапайым, жаңаша, заманауи вилланы қарай бергің келеді екен", " Қандай күшті көрініс, денем түршігіп кетті әдеміліктен, бізде сондай әдемі", - дейді видеоға пікір жазғандар.
Шаңырақ иесі қазақстандықтардың жүрегін жаулап алған видеосының "тарихын" айтып берді.
"Желі қолданушыларына қандай видео жағатынын білмейміз ғой. Бір күні үйде жүріп, батыстан әдемі күн түсіп тұрғанын байқадым, видеоға түсіріп жатқан кезде үйдің артынан жылқылар шауып өтті, соны түсірдім де Instagram желіcіне салдым. Біраз комментарий жинады. Tik-Tok-қа кіре коймайтын едім. Оған да жүктей салайыншы деп, видеоны салдым да ұмытып кеттім. Бір күні қарасам әлгі видео 500 мың қаралым, 100-ден астам комментарий жинапты. Содан кейін мына терезе халыққа ұнайды екен деп, аккаунтымның сипаттамасына "үлкен терезе иесі" деп жазып қойдым. Қазір әдемі видеолар түсіріп жүрмін", - дейді Есен Жүсіпбаев.
Үй құрылысын бастар кезде ауыл тұрғыны әдемі көріністі есепке алып, терезенің үлкен болуын әдейі жоспарлаған.
"Үйдің артында әдемі көрініс бар. Тау көрініп тұрады. Үйдің жобасын сызып жатқанда балаларыма қалжыңдап: "Осы жерде, терезенің жанында креслода отырамын. Қартайған соң тауға шыға алмай қаламын, сол кезде осы жерде әйнектен тауға қарап отырамын" деп айтқаным бар", - дейді ауыл тұрғыны.
Желіде танымал болған терезенің ені 3 м болса, биіктігі 2,5 м екен. Жанында террассаға шығатын есік бар. Есен Жүсіпбаевтың айтуынша, құрылыс толық бітпеген, ендігі кезекте үйдің сыртын каптау керек.
Ауылдағы замануи үйге қызыққандар желіде шаңырақ иесінен құрылысқа байланысты туындаған сауалдарын жолдайды екен. Оның ішінде "үлкен терезелі үй қыста жылы бола ма" деген сұрақ та бар.
"Қыста жылы, бірінші қабатта толығымен жылы еден, жылу батареялары жоқ. Бір қыстап шықтық, жақсы. Қауіпсіздік жағына алаңдамаса да болады, ауылымыз тыныш. Тіл көзім тасқа", - дейді ол.
Жүсіпбаевтардың үйін желіден көріп, қызыққан желі қолданушылары қазір Баянауылға әдейі іздеп барып та жүр екен.
"Үйіме арнайы іздеп келгендер бар. Өткенде айт мерекесінде қоныстой жасағанбыз, сол кезде қалада тұратын бауырым бір жігітті ертіп әкелді. Менің оқырманым екен, Астанадан келіпті. Біздің үйге әдейілеп келіп, терезе фонында фотоға түсіп кетті. Сондай үш-төрт жағдай болды", - дейді ол.
Есен Жүсіпбаевтың балаларының алды Алматыда оқыса, кішісі енді мектеп табалдырығын аттайды. Балалары қанат қағып ұядан ұшса да, ол ауылын тастап ешқайда кетпейтінін айтады.
"Ауылымнан кетпеймін. Балаларыма "сендер қалаға жүрем десеңдер, кете беріңдер, мен үшін қалмай-ақ қойыңдар деп айтамын", - дейді Қаражар ауылының тұрғыны.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2128347-qarai-berging-keledi-terezesinen-ademi-korinis-ashylatyn-auyldagy-zamanaui-uiding-iesi-suqbat-berdi-foto/