"Қаңғыбастар жүреді": Атырауда қаланың қақ ортасындағы ғимарат неге қаңырап тұр
Жарияланған күні:
Атырау қаласының орталығында орналасқан бұрынғы оқу орнының ғимараты ұзақ жылдан бері қараусыз қалған. Атыраулықтар есік-терезесі жоқ ғимарат үйсіздердің мекеніне айналғанын, сондықтан балалар үшін алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Азаттық көшесіндегі қаңырап тұрған ғимарат 1949 жылы салынған. Кезінде Атырау қаласындағы Мұнай және газ технологиялық колледжіне тиесілі болды. 2019 жылы екі қабатты құрылыстың төбесі отқа оранып, кейін оқу орны мүлдем жабылып қалды. Содан бері бұл жер бөгде адамдар емін-еркін кіріп шығатын қаңғыбастардың мекеніне айналған.
Ғимараттың дәл алдында екі қабатты тұрғын үйлер орналасқан, ал қарама-қарсы бетінде мектеп бар. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз дейді тұрғындар.
"Келімсектер түнде келіп, ойларына келгенін жасайды. Неше түрлі дыбыс шығады. Күндіз де қаңғыбастар жүреді. Қызық қуған балалар да осы жерге әуес, ішіне кіріп ойнайды. Бір нәрсеге ұрынып қала ма деп қорқасың. Әкімдік ең болмаса неге қоршау салмайды?", - деп шағым айтты осы жердің тұрғыны Галина Сергейқызы.
Екі қабатты ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Төбесі, терезелері, есіктері жоқ, қабырғалары жарылған. Ауласы да азып-тозып тұр, жағалай арам шөп басқан, айналасы қоршалмаған.
Атыраудағы қоғам белсендісі Андрей Кораблев елестердің үйіне айналған ғимарттың жері мектеп немесе балабақша салуға таптырмайтын орын екенін алға тартады.
"Қаланың қақ ортасында тұр, қасында аялдама бар. Ата-аналар орын таппай жүрген BINOM мектебін немесе балабақша салуға өте ыңғайлы жер. Аумағы да үлкен. Бұл мөлтек ауданда барлық жағдай жасалған, бірақ мектеп жетіспейді. Балаларымыздың жайлылығы үшін неге пайдаланбасқа", - дейді Андрей Кораблев.
Атырау тұрғыны Марина Балгөзованың ойынша, ғимаратты әдейі осы күйге дейін жеткізіп отыр. Болашақта бұл жерге бизнес нысан тұрғызса еш таң қалмаймыз дейді.
"Сүретіндей ескі ғимарат емес еді. Жөндеу жұмыстарын жасап, инклюзия орталығын ашуға да ыңғайлы жер. Бір адамдардың мүддесі үшін осындай күйге түсіру керек болған шығар. Коммерциялық нысан салуды көздеп отырған болуы керек. Өйткені орналасқан жері керемет", - дейді Марина Балгөзова.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, нысан болашақта сүрілетін ғимараттардың қатарында тұр.
"Қашан сүрілетіні белгісіз. Ол бөлінетін қаражатқа байланысты", - деп жауап берді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2133180-qanggybastar-zhuredi-atyrauda-qalanyng-qaq-ortasyndagy-gimarat-nege-qangyrap-tur/