"Егін түгіл ауыз суға зар болып қалдық": Атырау облысындағы екі ауылдың тұрғындары дабыл қақты
Жарияланған күні:
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Нұржау және Бірлік ауылдық округтерінің 1000-нан аса тұрғыны ауыз суға зәру. Аптап кезінде тіршілік нәрі белгіленген сағатта берілетін ауылдар төрт күннен бері мүлде ауыз сусыз қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ауыл халқы су тапшылығының азабын бірнеше жылдан бері көріп келе жатқанын айтады. Күніне екі сағат берілетін су төрт күннен бері мүлдем тоқтап қалған. Ауыз судан тарыққан халық шелегін жинап, амалсыз су тасығышқа кезекке тұруға мәжбүр.
"Су күніне екі мезгіл, яғни таңертең 8.00-ден 9.00-ге дейін және кешкі 17.00-ден 18.00-ге дейін берілетін. Алайда бірнеше күн болды ауыз су мүлдем тоқтап қалды. Бұл бірінші рет емес. Мұндай жағдай ауылда жиі орын алады. Құдыққа жинап қойған азғантай қорымыз таусылды, бөшкелерімізді сүйреп водовозға кезекке тұрамыз. Ол су ішуден аспайды. Дала ыстық, халық әбден қиналып кетті. Егін түгіл ішетін суды әрең алып отырмыз", - дейді Жамбыл ауылының тұрғыны Бекболат Хайруллин.
Нұржау ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылы Құрманғазы ауданы орталығынан 19 шақырым жерде орналасқан, 600-ден астам халық бар. Аудан әкімі Мұрабек Мұғалімнің айтуынша, Жамбыл ауылына су Бірлік ауылдық округінен тартылады. Қазіргі кезде "Ақбұлақ" бағдарламасымен пайдалануға берілген су құбырлары мен су тазарту қондырғысындағы су сорғысы істен шыққан.
"Жамбыл ауылына су беріп тұрған 1-су көтеру стансасы Бірлік ауылдық округінде орналасқан. Сол жердегі су сорғы істен шығып, біздің ауыл судан ажыратылып қалды. Қиғаш өзені деңгейінің түсіп кетуіне байланысты осындай жағдай болып отыр дейді жауапты мамандар. Жаз басталғалы бұл жағдай екінші рет қайталанып отыр. Қазір сорғылар ауыстырып жатыр. Жамбыл ауылының қондырғаларында ешқандай ахау жоқ. Көрші округ жөндесе, біз халыққа үздіксіз су беруге дайынбыз. 24 сағат бойы халықты сумен қамтуға болады, бірақ біздің ауылға жеткенге дейін су көлемі азайып кетіп отырғандықтан, халықты тек күніне екі мезгіл сумен қамтуға мәжбүрміз", - дейді Нұржау ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалім.
Бұл жағдайға байланысты Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметіндегілер түсінік берді.
"7 шілдеде Амангелді, Жамбыл ауылдарына су беріп тұрған жаға бойындағы 1-су көтеру стансасындағы су сорғы істен шығып, тұрғындарға су беру режимі тоқтатылған болатын. Су таратушы жауапты мердігер "Құрманғазы су арнасы" компаниясының мамандары айналысқанымен тиісті деңгейде су жиналмады, толықтай су жетпей қалды. Қазіргі уақытта су беру стансасы жұмыс істеп тұр. Су жетпеген жерлерге мекеме арқылы водовоз бөлінген. Мәселе аудан әкімінің бақылауында", - деп жауап берді Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132838-egin-tugil-auyz-suga-zar-bolyp-qaldyq-atyrau-oblysyndagy-eki-auyldyng-turgyndary-dabyl-qaqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.