Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде жаз ортасынан ауғанда гүл егуге бюджеттен 822 млн теңге бөлінді

Жарияланған күні:

Гүлдер
Қызғалдақ гүлдер. Көрнекі фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Ақтөбе қаласы әкімдігі гүл егуге жаздың ортасында кірісті. Әкімдік қала аумағында көгалдар мен гүлзарлар отырғызу, егу, күтіп-ұстау және қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын маусымда өткізген. Бұл жұмысқа 822 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Бұл жаңалық ақтөбеліктердің ашуын туғызды. "Фонтан жөндеуді енді жоспарлайды, гүл егуді енді бастайды. Оларға шілденің жартысы өтіп кетті деп айтыңыздаршы", "не үшін, ақшаны босқа шашу", "гүлді жаздың соңында егеміз, жол жөндеуді қазан мен қарашада бастаймыз" деп жазды қала тұрғындары әлеуметтік желіде.

Бірақ Ақтөбе қаласы әкімдігінің өкілдері ойын өзгертетін түрі жоқ. 800 млн теңгеден аса қаржыны игеретін мердігердің анықталуын күтіп отыр.

"Маусым айында конкурс өтті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы конкурс өткіземіз деп ойладық. Онымен конкурсқа бір адам ғана қатысты. Ол кісінің құжаты өтпей қалды. Екінші рет мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында конкурс өткізсек, ол ұзаққа созылып кетеді, жылдың соңында ашылады. Сол себепті жылдағыдай бір жылдықпен конкурс өткіздік. Былай айтқанда қазір 4 мың шаршы метр жерге гүл егіліп тұр. Демеушінің есебінен егілді. Мердігер шыққан соң жұмысты қарастырамыз. 800 млн теңге қаржының бәрі игеріледі деп айта алмаймын. Ол ақшаның бәрі гүл егумен игерілмейді. Газон, көпжылдық гүлдер отырғызу бар. Суару, қарау жұмыстары бар. Алдағы уақытта көпжылдық гүлдерге көшкіміз келеді. Мердігер мекемелер бір-бірінің үстінен арыз жазбаса, уақыт ұзармай, келісімшарт уақытылы шыққанын күтеміз", - деді Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Болат Серіков.

Айтуынша, бұл қаржыға қаладағы отыздан аса алаңқай безендіріледі. Олардың қатарында саябақтар мен әкімдік алаңқайлары бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде тасқынмен күрес жұмыстарын ұйымдастыру үшін тендер төтенше жағдайдан 10 күн бұрын ғана өткені туралы жазған едік.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134830-aqtobede-zhaz-ortasynan-auganda-gul-eguge-biudzhetten-822-mln-tengge-bolindi/