Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде тасқынмен күрес жұмыстарын ұйымдастыру үшін тендер төтенше жағдайдан 10 күн бұрын ғана өткен

Жарияланған күні:

Ақтөбе
Ақтөбе қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру үшін биыл 17 наурызда тендер өткен. Ал 28 наурызда қала суға кетіп, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Әкімдік сол он күн ішінде не істеп үлгерді, тұрғындардың шағымы қандай? Бұл туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Өрлеу ауылы су тасқыны кезінде зардап шеккен елді мекендердің бірі. Мұнда амбулаториялық емхана мен тұрғын үйлер 10 күн бойы суда тұрды. Тұрғындар әкімдіктен әлі күнге нақты шешім алмағандарына шағымданды.

Ақтөбе тұрғыны
Ақтөбе тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үйім 2017 жылы да суға кетті. Оны жаз бойы кептірдік. Сол кезде ауылға арық салуды сұрадық. Ешкім құлақ аспады. Кеше аудан әкіміне тағы көрсеттім. Арық салуды сұрадым. Көп жұмыс емес. 300 м жерге арық қазса жеткілікті. Қамыстан салынған үйім шіріп жатыр. Жолдасым екеуміз де мектепте кіші қызметкерміз. Осы үйді 10 жыл бойы салдық. Жасымыз 50-ден кетті. Енді қайтып үй сала алмаймыз. Қазір тамағымызды жаман сарайдың ішінде ішіп отырмыз. Мектепке тек қонуға барамыз", - дейді Рсалды Қылышбаева.

тоңазытқыш
Тоңазытқыш. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындардың айтуынша, комиссия келіп тексергенімен әлі нақты жауап бермеген.

"Біз өмір бойы мал бақтық. Соңғы үш-төрт жылдықта осы жерден жер алып, үй салдық. Үш жылдан бері үйіміз суда қалады. Шаршап кеттік. Іргетасымыз отырып, жерге кіріп кетті. Комиссия келді, қарады. Алған бір реттік көмекті қайда жұмсарымызды білмей отырмыз. Бізге қандай нақты көмек береді деп күтіп отырмыз", - деді тұрғын Раушан Баймұханова.

Үйіне су кіріп, техникасын құм шайып кеткен тұрғындар тасқынмен күрес жұмыстарының мардымсыз болғанына қынжылды.

Ақтөбе тұрғыны
Ақтөбе тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"2007 жылы осы шағын үйді салдым. 2022 жылы да үйім суға кетті. Бірақ ол кезде еш жерге арыз жазбадық, өзіміз кептіріп алдық. Бізде бөгет салу жұмыстары жүрсе, ауылдың суға кету жағдайы болмас еді. Саманнан салынған үй биыл да судың астында қалды. Қазір құлайын деп тұр. Төрт кішкентай балам бар. Қазір пәтер жалдап тұрамыз. Барлық техника бүлінді. Мұздатқыштың маторына дейін құмға толып қалды", - деді тұрғын Руслан Жұмалиев.

Ақтөбе қаласына қарасты Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға өтемақының аударылатынын жеткізді.

"Арнайы комиссия су кірудің мән-жайын анықтады. Артынша техникалық қадағалаушы және бағалаушы мекеме өкілдері барып техникалық жұмыс жүргізді. Жүргізілген техникалық жұмыстарға сәйкес, арнайы бағалау есебі дайындалып, келтірілген шығын, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен тұрмыстық техника мен жиһаздардың шығыны да қоса есептеліп, үй иесінің жеке шотына өтемақы аударылатын болады", - деді Асланбек Шүйіншәлиев.

Ақтөбе қаласы әкімдігіндегілер де көктемгі су тасқыны кезінде Өрлеу елді мекені аумағындағы бөгетті су бұзғанын растайды. Аталған аумақта бөгеттерді нығайту жұмыстары жасалатынын хабарлады.

Ақтөбе
Ақтөбе. Фото: KAZ.NUR.KZ

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында 28 наурызда төтенше жағдай жарияланды. Мұнда Алматы ауданындағы ондаған бау-бақша ұжымы су астында қалды. Ал Алматы ауданы бойынша көктемгі су тасқынына қарсы шаралар үшін тендердің төтенше жағдай жарияғанға дейін 10 күн бұрын ғана өткені белгілі болды. Әкімдік тендердің неге кеш өткізілгенін түсіндірді.

"Су тасқыны кезеңіне дайындық және су тасқыны кезеңіндегі атқарылатын жұмыстар үшін жыл басынан бері екі рет конкурс өткізілді. Екінші конкурс нәтижесінде анықталған мердігермен келісімшарт 17 наурызда жылы бекіді. Су тасқыны кезеңіндегі келісімшарт негізінде Сая, Садовый, Думан, Ақшат, Астана, Құрасашай, Есет батыр тұрғын алаптары аумағындағы каналдар, Ақтөбе-Орал тас жолының бойындағы арналарды, Шестихатка, Шилісай, Өрлеу тұрғын алаптары аумағындағы каналдарды тазалау жүрді. Құрашасай, Қурайлы, Заречный тұрғын алаптарында, Автобазар ауданында еріген қар суларын өткізу үшін арқалықтарды қардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Еріген қар суларын өткізу үшін тұрғын алаптарда уақытша су бұру арықтары қазылды", - дейді қала әкімдігі өкілдері.

Ал су тасқыны кезінде инертті материалды тасымалдау, топырақты көтеру, су бұру арықтарын қазу, топырақты тасымалдау жұмыстары атқарылған. Уақытша бөгеттерді орналастыру үшін 37 500 дана қап пайдаланылған.

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, қалада 2023 жылдан бастап мамандандырылған техниканы сатып алуға бөлінген қаражат әлі игерілмеген.

"Қала қажеттіліктері үшін жалпы сомасы 390 млн теңгеге 20 ассенизатор сатып алу жоспарланған болатын. Алайда бүгінгі таңда байқау өтпеді деп танылды. Қалалық әкімдік өтінімді 10 бірлікке қайта береді", - деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігінің ресми сайты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091617-aqtobede-tasqynmen-kures-zhumystaryn-uiymdastyru-ushin-tender-totenshe-zhagdaidan-10-kun-buryn-gana-otken/