Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев жазасын қайда өтейді және қандай жұмысқа тартылады: ҚАЖК басшысы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Қуандық Бишімбаев сотта
Қуандық Бишімбаев сот залында: t.me/Jogargy_sot

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасы Теңізжан Жәнібеков сотталған Қуандық Бишімбаев жазасын өтеу үшін колонияға әлі жеткізілмегенін, оның әлі уақытша ұстау изоляторында отырғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Сотталған Бишімбаев уақытша ұстау изоляторынан түзеу мекемесіне әлі ауыстырылған жоқ, орнықтыру жоспары бойынша оныкі қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме, сондықтан ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді", - деді Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы.

Ол Бишімбаев жіберілетін Аршалы ауылындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтеушілер үшін түрлі жұмыстар қарастырылғанын айтты.

"Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, иә, біз сотталғандарды жұмысқа орналастырамыз. Әсіресе қуынымы барларға біздегі өндірістік аймақтарға әртүрлі жұмыс бар, ол ағаш өңдеу ісі, металл өңдеу ісі бағыттары бойынша "Еңбек" РМК-ға жұмысқа орналаса алады.

Біздің әр мекемеде жұмыспен қамту бөлімі бар, солар осы мәселемен тікелей айналысады. Сондықтан барғаннан кейін басқа да сотталғандар сияқты 15 күн карантинде болады, бізге келгенде, біз оны зерттеп, карантиннен кейін тиісті отрядқа орналастырып, комиссиялық тексеруден өткіземіз.

Содан кейін онымен тәрбие жұмысы жүргізіледі, кейін жұмысқа орналасады, психологтар жұмыс істейді. Яғни, онымен қатардағы сотталғандар сияқты кешенді шаралар жүргізіледі", - деп толықтырды сөзін ҚАЖК басшысы.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды. Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.

13 мамыр күні сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алқабилер алқасының үкімімен:

  • Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;
  • Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

10 маусымда Астана сотына Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым түсті.

26 маусымда елордалық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарау басталды. Сот отырысы сол күні аяқталды, судья бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2136120-qazhk-okili-bishimbaev-qaida-zhazasyn-oteitinin-zhane-qandai-zhumys-isteitinin-aitty/