Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жоғарғы сот өкілдері Көкірекбаевқа шыққан ақтау үкімінің күші не себепті жойылғанын түсіндірді

Жарияланған күні:

Сот
Сот. Көрнекі сурет: Liudmila Chernetska/Getty Images

Жоғарғы сот өкілдері Кәрім Көкірекбаевқа қатысты шыққан ақтау үкімінің күшін жоюға не себеп болғанын түсіндірді. Бұл туралы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Жоғары соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Алматы облыстық соты "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы бастығы Көкірекбаевқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қайта қараған.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилерінің үкімімен (көпшілік дауыспен) бастықтың бұрынғы орынбасары және ЖШС директоры ҚК 366-бабының 4-бөлігі және ҚК 367-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Ал Кәрім Көкірекбаев тағылған айыптар бойынша ақталды.

Облыстық сот алқасы істің материалдары мен тараптардың дәлелдерін зерттеп, Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімінің күшін жойды.

Сондай-ақ аса ірі мөлшерде пара бергені және пара алғаны үшін кінәлі деп танылған орынбасары мен ЖШС директорының соттылығы жойылды.

"Қылмыстық іс басты сот талқылауы сатысынан бастап сол сотқа өзге құрамда жаңа сот қарауына жіберілді.

Ақтау үкімінің күшін жоюдың негіздері:

  • алқабилердің алдына қойылған сұрақтарды тұжырымдау кезіндегі бұзушылықтар;
  • дәлелдемелердің рұқсат етілуін бағалау кезіндегі бұзушылықтар;
  • үкімнің сипаттамалық бөлігінің қарар бөлігіне сәйкес келмеуі", - делінген сот хабарламасында.

Осы жайт бойынша Бас прокуратура өкілдері де мәлімдеме жасады. Алматы облысының прокуратурасы Көкірекбаевтың ақталған бөлігінде үкіммен келіспей, апелляциялық өтінішхат енгізгенін еске салды.

"2024 жылғы 25 шілдеде Алматы облыстық соты прокуратураның апелляциялық өтінішхатын толық қанағаттандырып, сот үкімінің күші жойылып, іс жаңа сот талқылауына жіберіліп, Көкрекбаев сот залынан қамауға алынды", - делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кетейік, Антикор өкілдері 25 шілдеде "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевқа қатысты ақтау үкімінің күші жойылып, сот залынан қамауға алынғанын хабарлаған еді.

Еске салсақ, Кәрім Көкірекбаев 2022 жылы желтоқсанда аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2140153-zhogargy-sot-okilderi-kokirekbaevqa-shyqqan-aqtau-ukimining-kushi-ne-sebepti-zhoiylganyn-tusindirdi/