Қостанайда автовокзалдар жабылып, қалааралық автобустар толық тоқтауы мүмкін
Жарияланған күні:
Қостанай облысындағы автовокзалдар банкротқа ұшырап, қалааралық автобустар толық тоқтауы мүмкін. Олардың клиенттерін такси жүргізушілері тасып жүр. Жолаушы тасымалымен айналысушы компания өкілдері тығырыққа тірелгенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
- Қостанай облысындағы автовокзалдар банкротқа ұшырап, қалааралық автобустар толық тоқтауы мүмкін екені туралы хабарланды.
- Жеңіл көлікпен жолаушы тасымалдаушылар нарықты басып алып, автовокзалдарды ығыстырып жатқаны айтылды.
- Мамандар қалааралық автобус қатынасын сақтау үшін заңнамалық база қажет екенін және мемлекеттік субсидия бөлінуі керек деп санайды.
2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Қостанай облысындағы қалааралық қатынастар бойынша автобустардың қозғалысына толық тыйым салынған болатын. Сол кезде бұл нарыққа жеңіл көлікпен жолаушы тасымалдаушылар көптеп кірді. Төрт жылда тасы өрге домалап, тіпті автовокзалдарды тасымал қызметінен ығыстырып тастай алатын дәржеге жеткен. Бүгінде Тобыл өңіріндегі клиенттерінен айырылған компаниялар көптеген бағыт бойынша автобус қатынасын тоқтатқан. Енді банкротқа ұшырап, жабылудың алдында шақ тұрғандарын айтады.
Күн-түн демей Қазақстан мен Ресей аумағына жеңіл көлікпен жолаушы тасымалдайтындарға еш кедергі жоқ. Тіпті ресейлік сайттар арқылы рубльге билет сатып, зырғытып жүргендерді тиісті органдар тексеріп еш заңбұзушылық таппаған.
"Ресей сайттарында жергілікті жолаушыларға билет сататын кәсіпорындарды тексердік. Олар Ресей Федерациясында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, көліктерін де көрсеткен. Яғни олар Ресейдің заңды жолаушы тасымал компаниялары саналады. Салық жағынан да барлық міндеттерін орындап отыр, біздің тараптан ешқандай мәселе жоқ. Тіпті "Яндекс, inDrive қызметі де клиенттеріне электронды түбіртек береді. Сондықтан біз олардың қызметіне кедергі келтіре алмаймыз", - дейді Қостанай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Рустем Құсалин.
Ал полиция қызметкерлері облыс аумағында заңсыз таксилетіп жүргендерді ұстап, соңғы 7 айда әкімшілік кодекстің 463-бабы бойынша 71 іс қозғап, сотқа жолдаған. Бірақ тұтылғандар айыппұлын төлеп құтылып, кәсібін әрі қарай жалғай береді. Алайда олардың денсаулығын тексеріп, есірткі, спирттік ішімдікке тест тапсыртып, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Жолаушы тасымалы компания басшыларының айтуынша, құзырлы органдардың мұндай қызметі құрдымға батып бара жатқан автобустар қатынасын сақтай алмайды.
"Такси ме екен деп әр көліктің соңынан жүгіріп, бәрін тексеруге полиция қызметкерінің саны жетпес. Бұл саланы реттеудің нақты құқықтық базасы қажет. Республикалық деңгейде шешім қабылдау керек. Кез-келген мемлекеттегі қоғамдық қатынастарды реттеу құқықтық деңгейде шешіледі", -дейді қоғам белсендісі, әрі тасымал компаниясының басшысы Алдан Менкеев.
Көлік министрі Марат Қарабаев жақында такси жүргізушілеріне талап күшейетінін айтқан еді. Қалааралық қатынаста таксиге 50 шақырымға дейін ғана адам тасуға шектеу қою туралы талаптың қаралып жатқанын жеткізді. Алайда автовокзал басшылары бұл талап заңды күшіне енгеннің өзінде мәселені шешуге көмектеспейді деп отыр. Өйткені, такси жүргізушілері "туған-туысымды алып бара жатырмын" деп сытылып кетеді.
"Заңсыз таксимен айналысатын жүргізушілердің қанша шақырым жүргенін анықтау қиын. Олар сол бұрынғысынша 20 шақырым, 100 шақырымға жүре береді. Жолаушылар өмірінің қауіпсіздігі үшін қам жесек, басқа іс-шаралар қолға алынуға тиіс. Ең болмаса ел аумағында жүретін автобус рейстерінің қатынасын қайта жандандыруға күш салу керек. Бұл салаға мемлекет тарапынан субсидия қажет", - дейді "Саяхат" сапаржайының директоры Ольга Терехова.
Қазақстан Автокөлік одағының мәліметінше жолаушы тасымалын ұйымдастыратын 15 шақты цифрлық платформа бар. Бірақ солардың қызметін реттеу туралы нормативтік-құқықтық актілер жоқ. Қазақстан Автокөлік одағының директоры Сәбит Аманбаевтың сөзінше, пандемияға дейін Астана мен Қарағанды арасында 18 автобус рейсі қатынаса бүгін де біреуі де қалмаған. Жеңіл көлікті нарықтан ығыстыру үшін автобуспен жолаушы тасымалдау қызметіне мемлекеттен субсидия бөлінуі тиіс. Сонда ғана бағасы арзан, әрі қауіпсіз қатынас қайта жанданады.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146483-qostanaida-avtovokzaldar-zhabylyp-qalaaralyq-avtobustar-tolyq-toqtauy-mumkin/