Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жасанды интеллект оқушылар үшін қауіпті ме: АҚШ-та білім алып жатқан маман пікір білдірді

Жарияланған күні:

Айбол Кемелдинов Колорадо университетінің алдында
Айбол Кемельдинов Колорадо университетінің алдында: сарапшының жеке мұрағаты

Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуы өмірдің көптеген саласының өзгеруіне әкелді. Әсіресе білім беру саласындағы өзгерістер өте ауқымды және сан алуан. Жаңа тенденциялардың ағымына ілесу, заман талабына сай білім беру күн өткен сайын өзекті әрі күрделі бола түсуде. Білім беру платформаларының күн санап өсуі, жасанды интеллекттің білім саласымен қабыса, тұтаса қатар дамуы – мұның бәрі болашақта білім беру саласының әлі де өзгере түсетінін айғақтайды. Білім берудегі жаңа пішіндер, ұғымдар қандай және жасанды интеллект саланы қалай өзгертіп жатыр деген сауалдарға электронды және қашықтан оқыту саласының техникалық маманы Айбол Кемельдинов жауап берді.

Білім берудің дәстүрлі тәсілдері мен әдістері түбегейлі өзгерістерді бастан кешіруде. АҚШ-тың Боулдер қаласындағы Колорадо университетінде (University of Colorado Boulder) компьтерлік ғылымдар мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатқан Айбол Кемельдиновтың айтуынша, сала транформациясының ауқымы өте кең және алдағы уақытта технологиялар, оның ішінде жасанды интеллект құралдары үздіксіз жетілдіріле бермек. Сондықтан мұндай технологияларға жаңаша көзқарас қалыптастыру маңызды, деп санайды ол.

«Білім беру процесі жасанды интелектінің арқасында қатты өзгерді. Дәстүрлі білім беру форматында «ұстаз-оқушы-оқу материалдары» моделі бұрыннан бар және бұл модель тіпті өмірімізге компьютер енген кезеңде де (2000 жылдары) өзгере қоймады. Бірақ интернет пайда болғалы жаңа технологиялардың әсерінен көптеген оқу материалы білім алушыға түрлі платформада, қолжетімді бола түсті. Қашықтан оқыту процесі білім беруде мүлдем жаңа тәсілдердің енуіне әкелді. Ал коронавирус пандемиясы әлем университеттері мен мектептерін қашықтан оқу форматына көшуге мәжбүрледі. Бұл процесс білім беруде мүлдем жаңа тәсілдердің енуіне әкелді», - дейді ол.

Бұл ретте ЖИ оқушы алатын білімнің сапасына қаншалықты әсер етеді деген заңды сауал туындайды. Маманның айтуынша, ЖИ-ді тек оқушыға білім алуды жеңілдету құралы деп қарастыру орынды болмақ. Білім беру саласында пайда болып жатқан электронды платформалардың барлығы да осы мақсатты арқалайды, деп атап өтті маман.

«Ескере кететін дүние, жасанды интеллект – ұстазды алмастыра алмайды, оқушыға бастапқы білім беруге қауқарсыз. Бірақ, ол оқушы мен ұстаз арасындағы көпір іспеттес. Қазір оқушылар ЖИ көмегімен үй тапсырмасын орындайды, қажет сұрақтарына жауап алады, есеп шығарып береді, оқу процесін жеңілдететін басқа да тәсілдерді орындауға мүмкіндік береді. Бірақ оны жүз пайыз оқу процесінде пайдалануға болмайды. Мамандардың айтуынша, ЖИ тапсырманы 51 пайызға орындаса, ол сәтті орындалған болып есептеледі. Сондықтан, ЖИ қолданудың да өзінің орны, жөні болуы керек. ЖИ әр оқушының машығына, зияткерлік мүмкіндігіне, біліміне қарай жеке өзіне лайықтап жасалған бағдарламаны беріп тұрса, бұл оған қосымша көмек үлкен бола алады. Жасанды интеллектіні адаптивті оқыту процесінде сәтті қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет және мұның бұл тұста пайдасы зор болмақ», - дейді ол.

Айболдың сөзінше, қазіргі таңда дәл осы адаптивті оқыту жүйесі қарқынды дамып келеді. Аталған оқыту жүйесінің басты ерекшелігі – білім алушының жеке біліми қажетттіліктерін ескере отырып, технологиялардың көмегімен арнайы оқу бағдарламасын жасап шығару.

«Бұл мектепке жасына дейінгі балалар үшін, мектеп оқушылары үшін, студенттер үшін де аса пайдалы. Білім алушы өткен сабақтарды түсінбей жатса, ЖИ базасында құрастырылған платформалар ұсынып, оған лайықтап қосымша материалдар ұсынып, көмектеседі. Қосымша тесттер, сұрақтар беріліп, оқушының білім деңгейіне қарай портреті жасалады. Осылайша оған арналған жеке бағдарлама жасап шығарады. Бұл біреуге өте жеңіл бөп көрінсе, екінші адамға күрделі болып көрінуі мүмкін. Яғни, мүмкіндіктері, білімі ескеріледі. Тиісінше, оның білімін пысықтау процесін жеңілдетеді, осының оқытушы бүкіл сыныпты қамти алмаған кезде, сыныптағы әр балаға сай келетін білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Ұстаз жалпы материалды түсіндіруге уақытын жұмсайды, ал жүйе бұл материалды толық меңгеруге көмек болады», - дейді ол.

Маман генеративті ЖИ және ChatGPT секілді үлкен ауқымдағы тілдік модельдердің жаппай таралуы бұл технологияларды тереңірек зерттеуді қажет ететінін жеткізді. Құрлық асып, білім алып жатқан ол қазіргі күні Қазақстан мен АҚШ-тың білім беру жүйесіндегі айырмашылықтарды атап өтіп, екі елдің білім саласында көптеген өзгешеліктер барын айтты. Бұл ретте адаптивті білім беру жүйесін отандық білім ордаларына кеңінен қолдануды ұсынды.

«Өзімнің мысалымда айтар болсам, алғаш Қазақстаннан осында білім алуға келгенде, мен үшін біздің елдің білім беру жүйесінен АҚШ-тың жүйесіне бейімделуім қиынға соқты. Тиісінше, көп ізденуге тура келді. Бірақ ЖИ ұсынған фнукциялар бұл жүйеге бейімделу процесін жеңілдетеді. Жалпы қазір компьютерлік машықтар бойынша берілетін кез келген тапсырмалар интернетте толып тұр және осы білім базасында берілетін тапсырмалардың жауабы да желіде бар. Сондықтан мұнда ұстаздар кім тапсырманы адал орындағанын, кім ЖИ көмегіне жүгінгенін анықтау үшін бірқатар тәсілдерді қолданады.

Себебі барлық тапсырманы ЖИ көмегімен орындау адал білім болып саналмайды. Дегенмен, ЖИ өмірімізге толықтай еніп кетті. Қазір оқушылардың, студенттердің 99 пайызынан астамы жасанды интеллектіні, оның ішінде ChatGPT, Copilot немесе Gemini базасында құрастырылған ЖИ-ді кеңінен пайдаланады. Ал студенттерге жеке қызығушылықтарына сай жеке оқу бағдарламасы жасалады. Міне, мұндай мүмкіндіктерді, ерекшеліктерді ескеріп, қашан да жаңа заманға сай білім беруге ұмтылу керек», - дейді маман.

Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы білім беру саласында техникалық маман болып еңбек етіп, көптеген білім беру платформаларын мен құрылғылар жасауға атсалысқан Айбол алдағы уақытта өзінің жеке адаптивті білім беру платформасын құрастыруға үлесін қоспақ. Бұл үшін ол білім беру үдерістерін және бұл үдерістерге ЖИ құралдарын пайдалану саласын терең зертттеуде. Елдегі білім беру сапасын арттыру үшін адаптивті білім беру жүйесіне көбірек назар аудару қажет деп есептейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146593-zhasandy-intellekt-oqushylar-ushin-qauipti-me-aqsh-ta-bilim-alyp-zhatqan-maman-pikir-bildirdi/