Астана әкімдігі университеттерге 858 грант бөлді: оған кімдер үміткер бола алады
Жарияланған күні:
Астана әкімдігі елорданың жоғары оқу орындарына 858 білім грантын бөлді. Гранттар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға бағытталған, деп хабарлайды қала әкімдігі Telegram-дағы арнасында.
Әкімдік ақпаратынша, 2018 жылдан бастап Астана қаласының әкімдігі педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша, сондай-ақ гуманитарлық бағыт бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу жобасын іске асырып келеді.
"Бұл жоба кадр тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. 2024-2028 оқу жылдарына қала әкімдігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 858 білім беру грантын белгіледі", - делінген хабарда.
Астана әкімдігінің білім гранттары еліміздің сегіз жоғары оқу орнына бөлінген.
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
- Астана халықаралық университеті;
- А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты;
- Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы;
- Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті;
- А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті;
- Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық;
- Астана медицина университеті.
Білім беру грантына конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен үміткерлер қатыса алады. Білім беру гранттары иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2149240-astana-akimdigi-universitetterge-858-gran-boldi-ogan-kimder-umitker-bola-alady/