Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жеті баланы асырап, студент оқытып отырмыз": ақтөбелік балықшылар отбасы табысты кәсібі туралы айтты

Жарияланған күні:

балықшы
Мейрамгүл Өмірбекқызы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жеті балалы ерлі-зайыпты қысы-жазы балық аулап, ырзығын өзеннен тауып отыр. Ырғыздың ақ сазаны мен шортанын аулаған балықшы Жанболат Тыржанов пен жұбайы Мейрамгүл Өмірбекқызы отбасылық кәсібі туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жанболат Тыржанов Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тумасы. 20 жылдан бері балық аулау кәсібімен айналысып жүр. Нәпақасын ауыл іргесіндегі Ырғыз өзенінен табады. Көз аша көргені - қайық пен ау. Барлық уақыты өзен бойында өтеді. Аулаған балығын әйелі түрліше әзірлеп, саудаға шығарады. Ауға ірі балықтар да жиі түседі. Айтуынша, бір балықтың өзі 5 келі болған жайлар аз емес.

Мейрамгүл Өмірбекқызы
Мейрамгүл Өмірбекқызы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Балықшы жігітке күйеуге шықтым. 20 жылдан бері осы кәсіптен табыс тауып отырмыз. Балаларымызды осы балықпен бағамыз. Шүкір, жеті баламызға да жетеді. Екі балам студент. Үлкеніне жылына 680 мың теңге төлеймін. Екінші бала грантқа түсті. Жолдасым өмір бойы балық аулаған адам. Алты түрлі балықты саудаға шығарып отырмыз. Ырғыз өзенінен сазан, шортан, табан, алабұға, табан балық, ақбалық аулайды. Бәріне сұраныс бар. Алабұға, ақбалық, шортаннан фарш жасаймыз. Шортанды ыстаймыз. Котлет дайындаймын. Ауыл тұрғындары көбіне тойға алады, сырттан тапсырыс қабылдаймыз. Ырғыздың балығына сұраныс көп. Адамдар қалай сұрайды солай дайындап береміз" , - дейді жұбайы Мейрамгүл Өмірбекқызы.

үрмелі қайық
Үрмелі қайық. Фото: KAZ.NUR.KZ

Көпбалалы отбасы өткен жылы кәсіпкер ретінде 1 млн 380 мың теңге грант алған. Түскен ақшаға мұздатқыш, еттарқыш, өлшеу құралдарын, балық ыстайтын аппарат, балық тазартанын қажетті құралдар алып, жұмысын жеңілдеткенін айтады. Болашақта кәсібін дамытқысы келеді.

ысталған балық
Ысталған балық. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазірдің өзінде Ақтөбе қаласындағы сусын ішетін орындар мен моншалар тапсырыспен алдыртады. Басқа ауданның тұрғындары да Ырғыздың балығы десең бірден алады. Себебі бұл жақтың балығының дәмі бөлек. Өзіміз дайындаған соң бағасы да қымбат емес. Болашақта сұранысқа байланысты кәсібімізді дамытқамыз келеді. Балық дәруменге бай, пайдалы өнім болған соң сұраныстан түскен емес. Балалар да көмектеседі. Ілімін үйреніп алды. Сондықтан бұл кәсіпті болашақта дамыта береміз", - дейді Мейрамгүл Өмірбекқызы.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2151688-zheti-balany-asyrap-student-oqytyp-otyrmyz-aqtobelik-balyqshylar-otbasy-tabysty-kasibi-turaly-aitty-foto/