Air Astana Қазақстаннан Сауд Арабиясына ұшатын рейстер санын көбейтті
Жарияланған күні:
Air Astana Сауд Арабиясына ұшу географиясын кеңейтеді. Әуе компаниясы Шымкенттен Жидда қаласына тұрақты тікелей рейстерді қосып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әуекомпанияға сілтеме жасап.
"Жаңа тұрақты рейс 2024 жылғы 1-28 қазан аралығында Алматы-Жидда әуе қатынасына қосымша аптасына 2 рет орындалады.
28 қазаннан бастап Шымкент-Жидда бір жиілігі аптасына 1 рет орындалатын Шымкент-Мәдина бағытына ауыстырылады. Сондай-ақ 29 қазаннан бастап Алматы-Мәдина бағытында аптасына 2 рет тікелей рейс іске қосылады", - делінген хабарламада.
Әуекомпанияның мәліметінше, рейстердің барлығы бизнес-кластағы 16 орны және эконом-кластағы 150 орны бар Airbus A321LR жайлы әуе кемесімен орындалады.
"Шымкент-Жидда және Шымкент-Мәдина рейстерінің ұшу ұзақтығы – 5 сағат 35 минут, Алматы-Мәдина – 6 сағат 10 минут.
Шымкент-Жидда бағыты бойынша барлық алыммен екі жаққа да билеттердің ең төменгі құны 301 208 теңгеден, Алматы-Мәдина – 336 882 теңгеден, Шымкент-Мәдина – 308 050 теңгеден басталады.
Қазақстан азаматтары Сауд Арабиясына сапар алдында электрондық виза алуы қажет", - дейді әуекомпания өкілдері.
Жидда – Сауд Арабиясындағы көлемі жағынан үлкен екінші қала және оның "экономикалық астанасы". Бұл қаладан Меккеге дейін жүрдек пойызбен бір сағатта жетуге болады.
Мәдина – мұсылмандардың Меккеден кейінгі екінші қасиетті қаласы. Пайғамбар мешіті ислам дінінің Меккедегі әл-Харам мешітінен кейінгі екінші киелі орны болып саналады. Қалада басқа да көптеген мешіт, мұражайлар, сауда орталықтары мен мейрамханалар бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153791-air-astana-qazaqstannan-saud-arabiiasyna-ushatyn-reister-sanyn-kobeitti/