"Қолдау таппай жүрмін": атыраулық шебердің туындылары желі қолданушыларын сүйсінтті
Жарияланған күні:
Индер ауданының тұрғыны Азамат Кенжеғалиевтің темірден жасаған "Алтын балық" атты ерекше туындысы атыраулықтардың назарын аударды. 10 жыл бойына қайталанбайтын туындыларды дүниеге әкеліп жүрген автор осы күнге дейін үкіметтен қолдау таппай жүргенін айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
45 жастағы индерлік шебер Азамат Кенжеғалиев темірден мүсіндер, көрнекі заттар, түрлі бұйымдар жасайды. Бұл қасиет оған кезінде суретші болған әкесінен дарыған. Кейіпкеріміздің туындылары Индер ауылының саябақтарына, Орал қаласы көшелеріне сән беріп тұр.
"Менің жоғарғы білімім жоқ. Ұзақ жылдар құрылыс саласында жұмыс жасадым. Сол кезде басшылар қабілетімді байқап, көрнекі заттарға тапсырыс беретін. Мекемелерге, кәсіпкерлерге әр түрлі дизайнда интерьер жасап беретінмін. Бірақ кейін ол жұмыстан жалыға бастадым, жеке шығармашылығымды дамытуға уақыт таппай кеттім", - дейді Азамат Кенжеғалиев.
Автордың айтуынша, басқа мүсіндерден оның туындыларының ерекшелігі – темірден жасалады, желге ұшпайды, түсі кетпейді, жаңбыр мен қарға төзімді, ұзақ мерзім өткеннен кейін де өзінің бастапқы қалпын жоғалтпайды, әрі конструкциясы жеңіл, кез келген жерге тасымалдауға оңай.
"Жобамды бірнеше рет мемлекеттік грантқа ұсынып көрдім. Бірақ бірде-бір рет ұтпадым. Осы күнге дейін жұмыстарымды таныстарымның цехында жасап жүрмін. Құрылғым жоқ болғандықтан темірлерді Атыраудан кестіріп әкелемін. Мұның бәрі ресурс пен уақытты қажет етеді. Үкіметтен қолдау таппай жүрмін. Станок алсам, саябақтарға түрлі мүсіндер қондырғым келеді", - дейді Азамат Кенжеғалиев.
Индерлік шебердің бекіре балығы туындысы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Олар облыс орталығына да осындай Атыраудың символы көрік беріп тұратынын жазуда.
"Шеберді шебер деу керек", "Қалаға осындайды қою керек", "Жайық жағалауында әдемі тұрады", "Тамаша! Қолдау керек мұндай қол өнерді", - деп жазған желі қолданушылары.
Азамат Кенжеғалиев қалалық әкімдік қолдау білдірсе, орталықтағы фонтандардың бірінің ішіне "секіріп жүрген үш бекіре балығының" мүсінін орнатсам дейді.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2158254-qoldau-tappai-zhurmin-atyraulyq-sheberding-tuyndylary-zheli-qoldanushylaryn-suisintti/