Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйдің үлкені – үшінші ата-ана болады": психолог бала тәрбиесіндегі басты қателіктерді айтты

Жарияланған күні:

Ренжулі бала
Ренжулі бала. Фото: freepik.com

Көпбалалы отбасыдағы балаларға махаббат пен ата-ананың назары жетпейді. Ал үйдің үлкені әдетте "үшінші ата-ана" рөлінде болады. Бала тәрбиесіндегі өзге де қателіктерді KAZ.NUR.KZ тілшісі психолог Әсем Ілесбайдан сұрап көрді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Психолог Әсем Ілесбай көпбалалы отбасыларда балаларға жеткілікті махаббат пен назар болмайтынын, әсіресе үлкен балаға көп жауапкершілік жүктелетінін айтты.
  • Маман "ыңғайлы бала" тәрбиелеудің қауіптілігін ескертіп, шамадан тыс өбектеудің баланың жеке тұлға ретінде дұрыс қалыптасуына кедергі келтіретінін атап өтті.
  • Әсем Ілесбай балалық шақтағы психологиялық жарақаттардың ересек өмірге әсері туралы айтып, олармен жұмыс істеу қажеттілігін түсіндірді.

Балалар психологы Әсем Ілесбай араға бір-екі жыл салып 4-5 баланы қатарынан дүниеге әкелетін көпбалалы отбасыларға қарсы. Өйткені әр балаға толыққанды махаббат пен күтім қажет. Ал маман мұндай отбасыда өскен балаға үнемі бірдеңе жетпей жүргендіктен, психикасы тұрақсыз болатынын айтты.

"4-5 бала болған кезде балалар тура жапырақ, өсімдік сияқты өзімен-өзі өсіп кетеді. Маған жиі келетін балалар көпбалалы отбасыдан шыққан. Әсіресе, ең үлкен балаға "отбасына жауап беруші" ретінде жауапкершілік іліп қояды. Сондықтан ол "үшінші ата-ана" ретінде қызмет атқарады. Ал бала толыққанды жоспарланса – оның психикасы, денсаулығы да жақсы болады. Көпбалалы отбасының балаларына адамның көңілі, назары жетпей жүреді. Жалпы оларға үнемі бірдеңе жеткіліксіз боп жүреді. Тамақ ішсе де жеткіліксіз", - деді ол.

Психолог бірінші балаға көп жауапкершілік бергендіктен мазасыз, күйгелек боп өсетінін айтты. Ал ортаншы бала пысық, алғыр болады. Өйткені ол осылай үйде жетпеген назарды өзіне басқа жолмен аударғысы келеді. Ал үшіншісі "сүйікті бала" боп өседі. Оның да өз себебі бар дейді Әсем Ілесбай.

"Мамандар үйдің үлкенін "кішкентай ата-ана" деп атайды. Оған үнемі "сен мынаны бүйтуің керек, мынаны асырауың керек, мынаған қарауың керек" деп айта береді. Иә, әрине, бұл ата-анаға ыңғайлы. Себебі өзінің кей жауапкершілігін балаға іліп қояды. Бірақ баланың алдында өте әділетсіз. Оның өз балалық шағы болмайды. Басқа баланың өміріне, сабағына, күтіміне жауап береді. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Бала бала болуы керек.

Психолог Әсем Ілесбай
Балалар психологы Әсем Ілесбай. Фото: Жеке мұрағатынан

Екінші бала әдетте пысық, айтқанынан қайтпайтын болады. Оған өте қызық фактор әсер етеді. Себебі балаға күтім жеткілікті болмайды. Әйтеуір ол бала туды. Біріншісін күттік, екіншісі тете өсіп кетеді дейді. Сондықтан олар көбіне пысықтау болады. Жарайды, оларға көңіл бөлінбеуі мүмкін. Бірақ ол сол көңілді, назарды өзі іздеп отырады. Олардың харизмасы мықты, сабақ үлгерімі жақсы болады. Олар үнемі өздерін дәлелдегісі кеп жүреді.

Ал үшінші бала көбіне ерке болады. Бұл да әділетсіз. Әр баланың өз жауапкершілігі болу керек. Бір жағынан үшінші баланы ата-ана саналы түрде босануы мүмкін. Бірінші, екінші баланы әдетте жұмыс істеп, асығып жүріп, аяққа тұрғанша туады. Ал үшінші баланы бәрі реттелгесін жоспарлап туып, еркетай қып өсіруі мүмкін. Мұндай баланы үнемі сүйемелдеп жүру керек. Оның әрі қарай дамуына, жылжуына итермелеп жүру керек болады. Сол – проблема. Кенже баланың үнемі қалауын орындап береді. Сондықтан инфантилизмге өте жақын болады", - дейді маман.

Психолог қоғамдағы көп ата-ананың "ыңғайлы бала" тәрбиелейтінін айтты. Олар айтқанды тыңдап, тіліңді алады. Мұндай икемді мінез-құлық ата-анаға ыңғайлы болғандықтан осылай өсіреді. Алайда келешекте балаға бұдан көп зиян келуі мүмкін дейді ол.

"Ыңғайлы бала" деген ата-ананың эгосын қалыптасатын құбылыс. Бала ыңғайлы болмау керек. Бала туған сәттен еркін боп туады, ал оны бір шектеулерге тығатын ол ата-ана. Өйткені оларға солай ыңғайлы. Мұндайда бала тіліңді алып, мінез көрсетпей тура үй жануары сияқты өседі. Ыңғайлы баланың ыңғайын тек ата-ана емес, ертең басқалар да қолданады. Осыны ұмытпау керек. Педофилдар үнемі ыңғайлы балаларды зорлайды. Өкініштісі, бұл деректі біз жоққа шығара алмаймыз", - деді Ілесбай.

Психолог Әсем Ілесбай
Балалар психологы Әсем Ілесбай. Фото: Жеке мұрағатынан

Әсем Ілесбай көп ата-ананың жіберетін тағы бір қателігін "өбектеу" деді. Баланы шамадан тыс өбектеу – жауапкершіліктің болмауына, өз-өзіне деген сенімсіздікке, инфантилизмге әкеледі. Бұдан бала жеке тұлға ретінде дұрыс қалыптаспайды дейді психолог. Себебі оның орнына бәрін ата-ана жасап береді.

"Ата-ана мұндайды өздігінен жасамайды. Әдетте ананың ішіндегі бір мазасыздығы өбектеуге итермелейді. Оның басында "мына әлем қауіпті, ешкімге сенуге болмайды" деген қатып қалған түсінік болуы мүмкін. Соның әсерінен осындай әрекет жасайды. Оның салдары ешкімге керек емес, сондықтан олай жасамау керек", - деді ол.

Сонымен қатар, маман қазір көп айтылатын "бала кездегі травма" түсінігіне тоқталып кетті. Оның сөзінше, бала кезде алған психикалық жарақаттар өмірде маңызды шешім қабылдап, жаңа ортаға барғанда кедергі болуы мүмкін. Алайда балалық травма кедергі келтірмесе, онымен жұмыс істеудің қажеті жоқ.

"Балаға "саған былай билеуге болмайды, былай сөйлеуге болмайды" деген секілді ескертулер айтылса, өсе келе ол травмаға айналады. Бала есейген соң бір жаңа ортаға барса "жоқ, маған жаңа ортаға ашылуға болмайды ғой" деп тұрады. Осы секілді бала кездегі фиксация үлкен болған кезде де өзімен бірге өсе береді. Балалық травмамен сол үшін жұмыс істеу керек. Келешекте өмір сүруіне кедергі жасамаса, жұмыс істеудің қажеті жоқ", - деді Әсем Ілесбай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2158351-uiding-ulkeni-ushinshi-ata-ana-bolady-psiholog-bala-tarbiesindegi-basty-qatelikterdi-aitty/