Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бес жыл бойы су тасып келеміз": Шымкенттің дәл іргесіндегі ауылда көп мәселе шешімін таппай жатыр

Жарияланған күні:

Шымкенттің іргесіндегі ауыл
Шымкенттің іргесіндегі ауыл. Фото: otyrar.kz

Шымкенттің іргесіндегі Таскешу ауылында инфрақұрылым мәселесі әлі күнге шешілмеген. Елді мекен тұрғындары қоғамдық көлік, жол, су мәселесін көтергеніне біраз уақыт болған, алайда бірде-бірі шешімін таппаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласының іргесінде тұратын Сайрам ауданы Таскешу ауылы тұрғындарының айтуынша, жергілікті халықтың басым бөлігі Шымкентте жұмыс істейді. Сонымен қатар студенттер де ауылдан қатынап оқиды. Ал облыс пен қала бөлінген соң автобуссыз қалдық дейді жиналғандар. Таңертең діттеген жеріне жету үшін үш сағаттай уақыт жұмсайтын олар ауылдан бір шақырымнан аса жерде орналасқан аялдамаға жаяу баруға мәжбүр.

"Шілдеде аузым ашылып, қолымда суым жоқ отырып қалдым. Біз портал туралау үшін Ақсукентке, Советскийге барамыз. Қаланың бәрін аралап, айналып келеміз. Ал мына Қытайдың жолымен жүруге қорқамыз. Біз сияқты қариялар мен оқушыларға қиын. Талабымыз – автобус жүргізіп берсе екен. №149 автобус осы жаққа келетіндей етіп ұйымдастырса дейміз. 1986 жылдардан бері жүретін автобус бар еді, оны 3-4 жылдан бері тоқтатып тастады. Білмейміз, сұрасақ, қалада жол бермейді, айнала алмаймыз дейді. Сол мәселені шешіп берсе бізге", - дейді Таскешу ауылының тұрғыны Мәрия Шекербекова.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, тұрғындар мәселесі бойынша 2022 жылдан бері Таскешу-Шымкент бағытында қоғамдық көлік жүргізу үшін бірнеше рет мемлекеттік конкурс өткізген көрінеді. Бірақ кәсіпкерлерден қызығушылық жоқ деп отыр. Дегенмен жақын арада проблеманы шешіп беруге тырысатынын жеткізді.

"Таскешу ауылына дейін автобус жүргізуді жан-жақты қарастырып жатырмыз. Шымкент-Таскешу деп облыс аралық маршрут енгізу үшін 2022 жылдан бері 5 рет мемлекеттік конкурс аштық.  Екі жылға жуық болды. Қызығушылық танытқандар аз. Алдағы уақытта да конкурс жариялаймыз. Конкурсқа дейін қызмет көрсететіндері болса, уақытша ашып беруді де қарастырамыз", - дейді Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Асан Жұмабаев.

Ал ауылдық округ әкімінің орынбасары қазір бұл мәселе бойынша Шымкенттік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өтініш айтып жатырмыз дейді.

Елді мекендегі қордаланған мәселе мұнымен бітпейді. Үлкен шаһар жанында тұрғанмен инфрақұрылымнан жұрдаймыз деп қынжылады тұрғындар. Мәселен 4 баланың анасы Айгерім Жарылқасынова мұнда 10 жылдан бері тұрады. Ол қыстың күні белшеден келер балшықта балаларына резеңке етік кигізіп, амалдайтынын айтады. Бір маусымда бірнеше аяқ киім тоздыратын болған соң, тіпті мектепке жаңа етік те апарып қойыпты. Ал жаз шықса, тұрғындар шаңнан көз аша алмай қалады екен.

Өткен жылдары ауылдағы негізгі көшеге инфрақұрылым тартылған. Дейтұрғанмен тұрғындардың сөзінше жаңа құрылыс аймағы назардан тыс қалып қойыпты. 5 жылдан бері назын тыңдар ешкім болмағандықтан өздері жер қазып, су кіргізіп, жарықты да басқа көшелерден өздері тартып алуға кіріскен.

"Су жоқ қой, мүлде, бес жыл болды өзіміз тасимыз. Үйімізді әрең бітірдік. Жарықты да бағандарды кей көшеге қойған да, тура бізге қоймай кеткен. Кезінде ақша төлеп, бір бағаннан бір бағанға тартып жүріп, су тартатын құрылғының бағанына қойып алып, күн көріп жатырмыз қазір", - дейді Таскешу ауылының тұрғыны Сәрсенбай Наурызбаев.

Ал жауаптылар Таскешуде тас төсеу үшін бюджеттен 20 млн теңге сұратқан. Бірақ әкімдіктегілер оның орындалуы немесе орындалмауы бұл ұсынысты депутаттардың көтеруіне байланысты деумен шектелді.

"Инфрақұрылым кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Былтыр электр бағаналары кіргізілді. Одан бөлек су бұрғысы қазылды. Биыл, құдай қаласа, жобалық жоспар жасадық. Мәслихатта қаралып, бюджет бөлсе, тас та төселеді, су да, газ да, жарық та кіргізіледі", - дейді Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Құралбеков. 

Көтерілген мәселе 2025-2026 жылғы аудан жоспарына енгізілген көрінеді. Бірақ құр уәдеден шаршаған ауыл тұрғындары жылдар бойы бос үмітпен өмір сүріп келеміз деп ашынып отыр. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160529-bes-zhyl-boiy-su-tasyp-kelemiz-shymkentting-dal-irgesindegi-auylda-kop-masele-sheshimin-tappai-zhatyr/