"Қаланың орталығында деу ұят": Алматыдағы 27 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Алматы қаласы Бостандық ауданында 1960 жылы салынған №73 мектеп-гимназиясы бар. 1041 бала оқитын ескі оқу ордасы күрделі жөндеуден соңғы рет 27 жыл бұрын өткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
КСРО кезінде салынған екі қабатты мектепте 20 оқу кабинеті бар. Білім ордасы 1997 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ғимараттың сыртқы қабырғалары мүжілген, ал арт жақтағы кейбір есіктер таспен тіреліп тұр. Оқушылар осындай жағдайдағы мектепте екі ауысымда білім алып жатыр. Аты-жөнін атамауды өтінген ата-ана Алматының орталығында мұндай мектеп бар екеніне ұялатынын айтты.
"Мектептегі мұғалімдер, барлығы ұнайды. Бірақ кеңес заманынан кейін бұл жерге жөндеу жасалмаған сияқты. Есіктері де сол кезеңдікі, баспалдақтар мен қабырғалар да ескі. Сонысымен қоймай, мұнда гимназия сыныптар да бар. Мұндай мектепті Алматының ортасында, Бостандық ауданында деу ұят. Балам бірінші сыныпқа барады. Бізді екінші тоқсанда басқа мектепке көшіретінін айтты. Бірақ жиенімнің баласы осында 9 сынып оқиды. Оларға жылда жөндеу жасалатынын айтады екен. Бірақ олай болмайды. Осы жолы шын болар деп үміттенемін", - деді ата-аналардың бірі.
Мектеп директоры Гаухар Бокишеваның сөзінше, оқу ордасы апатты деп танылмаған. Балалардың білім алуына кедергі келтіретін ештеңе жоқ дейді ол. Ал қыркүйектің аяғында оқушылар осы маңайдағы №40 мектепке ауыстырылмақ. Себебі мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.
"Қазір оқушыларды басқа мектепке ауыстыру туралы құжаттар дайындалып жатыр. Мектепті жаңарту туралы жобалық-сметалық жұмыстар толығымен дайын. Негізі мектептегі білім сапасы өте жақсы. Мұғалімдердің деңгейі жеткілікті. Магистр, зерттеуші ұстаздарымыз бар. Әрине, жөндеу керек. Алайда бұл жерде оқи алмайсың деген әңгіме жоқ. Барлық кабинет сабақ өтуге қауіпсіз. Мектебіміз берік, қыста жылы, ештеңе құлап жатқан жоқ", - деді директор Гаухар Бокишева.
Алматы қаласының әкімдігі жөндеу жұмыстарының 2025 жылдың төртінші тоқсанында аяқталатынын айтты.
"Жақын арада жобалық-сметалық құжаттар құрылыс басқармасына беріледі. Осы жылдың желтоқсан айында басқарма құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурс өткізуді жоспарлап отыр, нысанды аяқтаудың жоспарланған мерзімі - 2025 жылдың IV тоқсаны. Алматы қаласында 216 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, бұл ретте апатты мектептер жоқ", - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161038-almatynyng-ortalygynda-deu-uiat-megapoliste-27-zhyl-kurdeli-zhondeu-kormegen-mektep-bar-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.