Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркі әлемінің ортақ әліпби үлгісі мен декларациясы жарияланды

Жарияланған күні:

Жаңа әліпби
Көрнекі фото: Taylor Weidman/LightRocket via Getty Images

Түркі Академиясы 2024 жылғы 9-11 қыркүйек күндері Бакуде өткен Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының үшінші отырысында қабылданған "Ортақ түркі әліпбиі декларациясын" жариялап отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Түркі Академиясы Бакуде өткен Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының үшінші отырысында қабылданған "Ортақ түркі әліпбиі декларациясын" жариялады.
  • Декларация латын графикасына негізделген 34 әріптік ортақ түркі әліпбиі жобасын қарастырып, түркі тілдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, бір фонемаға бір әріп қағидасын ұстанды.
  • Комиссия шешімдері кеңес сипатына ие және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттердің тиісті мекемелеріне ұсыныс ретінде таратылады.

Декларация ағылшын тілінде дайындалып қабылданды. Ортақ түркі әліпбиі декларациясының ағылшын тіліндегі нұсқасы түсінікті болу үшін әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және өзбек тілдеріндегі бейресми аудармаларымен қоса берілді.

Ортақ түркі әліпбиі
Ортақ түркі әліпбиі нұсқасы: Түрік академиясы

Комиссия Түркі мемлекеттері ұйымы (TМҰ) Хатшылығының үйлестіруімен Түркі Академиясының жанында жұмыс істейді. Комиссия құрамы ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің сыртқы істер министрліктері арқылы ресми түрде белгіленген мүшелерден тұрады.

Комиссия өз шешімдерін тұрақты диалог пен кеңесу арқылы және Комиссия мүшелері арасындағы консенсус негізінде қабылдайды. Комиссия шешімдері кеңес сипатына ие және тиісті органдарға ұсыныс ретінде беріледі.

"Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) мүшелері Түркі Академиясы мен Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғары кеңесіне қарасты Түрік тілі құрымының ұйымдастыруымен және Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының үйлестіруімен ұйымдастырылған үшінші отырысын 2024 жылдың 9-11 қыркүйегінде Бакуде өткіздік. Бұл жиынымыздың мақсаты – түркі тілдері үшін ортақ әліпби бойынша келісімге келу және түркі халықтары арасындағы қарым- қатынас пен мәдениет және білім беру салаларындағы тәжірибе алмасуды арттыру жолындағы ортақ талпынысымызды одан әрі жалғастыру.

Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының мүшелері Нахчыван келісімшарты мен Turkic World Vision 2040 бағдарламасында атап көрсетілген және түркі халықтары арасында тілдесуді одан әрі жеңілдету үшін әліпби және терминологияда бірізділікке қол жеткізуді көздейтін мақсаттарға сәйкес, Түркі Академиясын құру туралы келісімшарттың 2-бабында белгіленген барлық түркі тілдеріне ыңғайлы ортақ әліпби құрастыру міндетіне сай, Түркі әлемінің лингвист ғалымдары, ағартушылары мен мәдениет өкілдерінің түркі халықтарына ортақ әліпби әзірлеу бойынша осы уақытқа дейін атқарған орасан зореңбегін мойындай отырып, Түркі халықтары арасында бірлік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухын нығайтуды көздей отырып, Бәріне ортақ стандарт жазу жүйесіне ұмтылу барысында бірегей тілдік ерекшеліктерді сақтаудың маңыздылығын ескере отырып, 2023 жылғы 29 мамырда Астанада және 2024 жылғы 6 мамырда Бакуде өткен Комиссияның алдыңғы екі отырысының қорытындыларын назарға ала отырып, Ортақ түркі әліпбиін пысықтап, соңғы нұсқасын әзірлеу жолында ыждағаттылықпен жұмыс атқардық", - делінген құжатта.

Ғалымдар пікірталас барысында ортақ әліпби бастамасына қатысты түрлі аспектілерді жан-жақты талқылағанын айтып отыр.

"Нақтырақ айтсақ, біз:

1. 1991 жылы ғалымдар ұсынған, түркі тілдерінің фонетикалық алуандығы ескерілген және үйрену мен қолданудың жеңілдігін қамтамасыз ететін латын графикасына негізделген 34 әріптік ортақ түркі әліпбиі жобасын қарастырдық,

2. заманауи лингвистикалық зерттеулерге негізделген тұғыр ұстана отырып, 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі жобасының күшті жақтары мен жетілдіруді қажет ететін тұстарына назар аудардық,

3. түркі тілдерінің әрбіріне тән тілдік ерекшеліктеріне мұқият көңіл бөле отырып, ерекше фонетикалық белгілерді бір әліпбиде қамтуға тырыстық,

4. бір фонемаға бір әріп деген қағиданы басшылыққа ала отырып, үйрену мен

қолдануға ыңғайлы, әрі барынша анық әліпби жасауды мақсат еттік,

5. негізгі латын әліпбиінде таңбаланбаған дыбыстарды дәл көрсету үшін арнайы таңбаларды енгізу қажеттілігін мойындай отырып, осы белгілер үшін стандарттарға сай тәсілдерді қолдануға келістік.

Декларацияның негізгі мақсаты – Комиссия қол жеткізген келісімді рәсімдеп, латын

графикасына негізделген Ортақ түркі әліпбиінің қабылданғандығын растау:

IPA: Халықаралық фонетикалық әліпби

ST: "Советская тюркология" журналының (1974) редакциялық алқасы қабылдаған латын графикасына негізделген.

Барлық мүдделі тарапты осы ұсынысты белсенді түрде қолдауға шақырамыз. Декларация түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен интеграцияны ілгерілету жолындағы ынта-жігердің бір көрінісі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттің тиісті мекемелеріне таратылады", - делінген декларацияда.

Сондай-ақ декларация ағылшын тілінде дайындалған және оны басқа тілдерге аударуға болады екен. Декларацияға 2024 жылғы 11 қыркүйекте Бакуде Комиссия мүшелері атынан Түркі Академиясының президенті қол қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2163900-turki-alemining-ortaq-alipbi-ulgisi-men-deklaratsiiasy-zhariialandy/