"Ақшалай көмек жинап, пәтерге орналастырған": Шымкент полицейлері панасыз қалған бойжеткенге көмектесті (видео)
Жарияланған күні:
Шымкент қаласының патрульдік полиция полкі қызметкерлері панасыз қалған бойжеткенге көмектесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Патрульдік полиция полкіне 20 қыркүйекте таңғы сағат 08:33 шамасында әл-Фараби ауданы Айбергенов көшесі маңындағы үйлердің тұрғындарынан шақырту келіп түскен. ППП-нің 798-автоэкипаж қызметкерлері құрамында полиция аға лейтенанты Қанат Рысбаев пен Бейбіт Абжанов шақырту болған мекенжайға барып, не болғанын білген сәтте көмектесуді ұйғарған.
Тәртіп сақшылары мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің түлегі А. есімді 19 жасар бойжеткеннің үйсіз далада қалғанын және оның ұялы телефоны жалдамалы үй иесінде кепілдікте екенін анықтаған. Жалдамалы пәтер иесі бойжеткенді төлеу ақысын кешіктіргені үшін пәтерден шығарып, 7000 теңге көлемінде қарызының орнына ұялы телефонын кепілге алғанын түсіндірді.
"Қара көз қарындасымыз жылап далада тұрғанын көре сала полк қызметкерлері жәрдем беруді шешкен. Олар барар жері, таныс-туысы жоқ бойжеткенге жалдамалы пәтер іздестірді. "Көп – дәнекер, көлді де бекітер" демекші, осы жағдайды қызметкерлер өз арасында таратып, мән-жайға немқұрайды қарамай әр қызметкерден ақшалай көмек жиналып, бойжеткеннің ұялы телефонын қайтарып бергізіп, жалдамалы пәтерге орналастырып, қалған соманы бойжеткенге тапсырып кетті", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Шымкентте полицейлер ішінде жарты млн теңгесі бар жоғалған сөмкені тауып, иесіне қайтарғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164786-aqshalai-komek-zhinap-paterge-ornalastyrgan-shymkent-politseileri-panasyz-qalgan-boizhetkenge-komektesti-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.