Тұтынушыларға маңызды ақпарат: какаоны сатып алар кезде не нәрсеге мән берген жөн
Жарияланған күні:

Қазіргі тұтынушылар өнімдердің құрамынан бастап, оларды сақтау шарттарына дейін ерекше назар аударады. Дегенмен, өнімнің таңбаламасы, құрамы мен жарамдылық мерзіміне қатысты ақпараттар қаптамадағы жай сөз емес, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының кепілі. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("MОТҚҚҚ" ҚБ) Шымкент қаласының дүкен сөрелерінде бар халық тұтынатын тауарларға қатысты зерттеу нәтижелерімен бөлісуді жалғастыруда. Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес, ұйымның мұндай жұмыстарды жүргізуге құқығы бар.
Жанна Үрметханқызы Биятан, "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі:
"Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты ақпараттарды тарату тұтынушылардың санасын қалыптастыруға көмектесіп, өздерін қорғау деңгейін арттырады. Біз тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және өнімдер туралы ақпараттардың жеткіліксіздігінен туындайтын ықтимал қауіптердің алдын алуға қатысты қызметімізді жалғастырамыз".
2024 жылдың маусым айында Шымкент қаласындағы дүкендердің бірінен "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі Польшада өндірілген Mix Fix cao (375 г) какао өнімін сатып алды. Бұл қадам тұтынушыларға нарықта бар өнімдерге қатысты нақты ақпарат беру үшін құқыққорғаушылардың үздіксіз жүргізген жұмыстарының бір бөлігі болды. Бұл қызметтің мақсаты – тексеру емес, БАҚ арқылы өнімдер жайында толық ақпарат беру, осылайша тұтынушыларға қолжетімді өнімдердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру.
Какао – бұл дәмді сусын ғана емес, сонымен қатар сіздің көңіл күйіңізді келтіретін, жүрек пен мидың жұмысын жақсартып, сондай-ақ иммундық жүйені нығайтатын, қартаюмен күресуге көмектесетін, осы сияқты денсаулыққа көптеген пайдасы бар пайдалы өнім. Какаоның негізгі пайдалы қасиеттері оның бай құрамымен байланысты, оның құрамында антиоксиданттар, минералдар мен дәрумендер бар. Соған қарамай, егер оның құрамында қант пен басқа да қоспалар көп кездессе, какао жоғары калориялы болуы мүмкін екенін де естен шығармаған жөн. Сондықтан оны тұтынуда шектен шықпау қажет.
Өнімнің Кеден одағының қауіпсіздік және техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін талдау үшін ынтымақтастық туралы келісімге орай өнім "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының аккредиттелген зертханасына жіберілді. 2024 жылдың 02 шілдесіндегі №1/726 зерттеу хаттамасымен айқындалған сараптама нәтижелері тұтынушылардың да қызығушылығын тудыруы мүмкін:
- Қазақ тіліндегі ақпараттың болмауы: Өнімде таңбаламаның аудармасы жоқ, бұл Қазақстан Республикасының екі тілді таңбалама туралы заңнамасының талаптарын бұзады. Мұндай аударманың болмауы – тұтынушының өнімге қатысты маңызды ақпараттарды түсінуін қиындатып, олардың дұрыс таңдау жасауына әсер етуі мүмкін.
- Кеден одағы елдерінде өнімнің қауіпсіздік нормаларының сәйкестігін растайтын Еуразиялық сәйкестік белгісінің болмауы. Бұл белгінің көрсетілмеуі өнімнің қажетті сертификаттаудан өтпегенін көрсетері хақ, ал бұл өз кезегінде өнімнің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді тудырады.

Алия Алибекова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы:
"Тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде таңбалама маңызды рөл атқарады. Қазақ тіліндегі ақпараттың көрсетілмеуі тұтынушының таңдауын қиындататын маңызды олқылық саналады. Біздің жұмысымыз – тұтынушылардың өнімге қатысты нақты ақпарат алуын және олардың қауіпсіздігіне сенімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған".
Объективті және тексерілген зерттеулер арқылы тұтынушыларды ақпараттандыру жұмысы нарықты ашық және қауіпсіз етуге көмектеседі. Шынайы таңбалама, оның ішінде қазақ тіліндегі аудармасы мен тауардың құрамы туралы барлық қажетті ақпараттардың болуы өндіруші, сатушы және сатып алушы арасындағы сенімділіктің кепілі болатыны анық.
Жанна Үрметханқызы:
"Тұтынушыларды өнімнің құрамы мен сапасына қатысты ақпараттандыру олардың тұтынушылық таңдауын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Шынайы таңбалама адамдарға саналы шешім қабылдауға және денсаулыққа тигізетін ықтимал қауіптердің алдын алуға немесе оны азайтуға көмектеседі" дегенді алға тартады.
Кәсіпкерлерге кеңес
Жағдайды жақсарту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру үшін таңбаламаны екі тілде қамтамасыз ету ұсынылады: Қазақстандағы барлық тұтынушылар үшін ақпараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өнімдерде қазақ және орыс тіліндегі мәліметтер болуы керек.
Тұтынушыларға кеңес
Азық-түлік өнімдерін сатып алғанда қаптамадағы таңбаламаны мұқият зерттеңіз: барлық ақпарат сіз түсінетін тілде, соның ішінде ресми тілде берілгеніне көз жеткізіңіз. Өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, өнім құрамы, өндіруші туралы ақпарат және т.б. міндетті мәліметтерді тексеріңіз. Мұндай мәліметтердің болмауы немесе оның тек шет тілінде берілуі өнімнің қауіпсіздігі мен сапа талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетуі мүмкін.
Өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына сәйкестігін растайтын Еуразиялық сәйкестік белгісінің болуына ерекше назар аударыңыз. Бұл таңбаның көрсетілмеуі өнімнің жеткіліксіз сыналғанын немесе оның сатылымға заңсыз шығарылғанынан хабар береді.
Сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңыз тағамды дұрыс таңдауға байланысты екенін есте сақтаңыз. Қандай да бір күмән немесе бұзушылықтар туындаған жағдайда жағдайды түсіндіру және құқықтарыңызды қорғау үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына хабарласудан тартынбаңыз.
Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166340-tutynushylarga-mangyzdy-aqparat-kakaony-satyp-alar-kezde-ne-narsege-man-bergen-zhon/