"Естігенде таңғалдық": төрт бірдей сыныбында тек тұңғыштар оқитын мектеп туралы не білеміз (видео)
Жарияланған күні:

Елордадағы бір мектептің 4 бірдей сыныбында отбасындағы тұңғыш балалар оқитын болып шықты. Ұстаздар оларды осылай бір сыныпқа топтастырған, деп хабарлайды 24.kz.
Телеарна ақпаратынша, 100-ге жуық түңғыш бала 4 сыныпқа бөлініп, бір мектепте білім алып жатыр.
"Алғашында естігенде мұндай сынып та бар екен ғой деп таңғалдық. Жалпы енді отбасында әр баланың орны ерекше ғой", - деді ата-аналардың бірі.
Қазақы дәстүрге сай тұңғыш балалар көбіне ата-әженің қарауына беріледі. Бұл жас ата-ана үшін үлкен көмек деп білген. Алайда қала балаларына қазір бұл мүмкіндік тие бермейді. Сондықтан елордалық ардагерлер алқасы тұңғыш балаларға ұлттық тәрбие мен құндылықтарды көбірек сіңіру керек деген оймен оларды бір сыныпқа топтастыруды ұсынған.
"Мамыр айында бізге осы қаланың ардагерлер алқасының төрағасы келіп, өзінің армандаған, өзінің жобасын іске асырғысы келгенін айтты. Ондағы ерекшелік "Бала тәрбиесіндегі тұңғыштардың рөлі". Бұл идея бізге де қатты ұнады. Биыл біз 1 сыныпқа 335 бала қабылдадық. Соның ішінде 4 сынып, яғни 100-ден астам бала бізде тұңғыштар болып шықты", - деді А. Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәриям Амангелдіқызы.
Сабақта оқушылардың ата тегін, руын жетік білуіне ерекше көңіл бөлінеді. Олар бата жаттайды, қолөнермен айналысып, ұлттық ойындарды көбірек ойнайды.
Сондай-ақ мұғалім де сабақ барысында тұңғыштардың отбасындағы рөлі мен орны жайлы оқушыларға жиі айтып, олардың ақылына ақыл қосып отырады. Мұны жиі естіген бала өзінің үлгі көрсетер аға, әпке болатынын ұғына алады дейді ұстаз Ләйлә Тоқтарқызы
"Әдетте тұңғыш балалар ата-анасының бойындағы көптеген қасиетті алып өсетіні анық қой. Сондықтан бұл балалар жасы кішкентай болғанымен ойлары ұшқыр. Олардың көшбасшылық қасиеттері де жақсы дамыған. Күнделікті сабағымда осы балаларға сіздер тұңғыштарсыздар, сіздерге қарап өсіп келе жатқан іні-қарындастарың үлгі алады деген әрбір сөзімді олар бойларына сіңіріп жатыр", - дейді бастауыш сынып мұғалімі Ләйлә Тоқтарқызы.
Телеарна ақпаратынша, жаңа бастаманың өміршең болуы ата-анаға да тікелей қатысты. Сондықтан мектеп ұжымы оқушылармен шектеліп қалмай, олардың ата-анасы үшін де семинарлар ұйымдастырған. Олар да демалыс сайын уақыт бөлуге тырысады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166717-astanadagy-mektepting-tort-birdei-synybynda-tek-uiding-tunggyshtary-oqidy-video/