Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұтынушылардың қауіпсіз тауарларды сатып алу құқығы: "Малиновый рай" жасыл шайын зерттеу

Жарияланған күні:

Шай
Көрнекі фото: Битаян Жанна

Жасыл шай баяғыдан ең танымал сусындардың бірі ретінде дүкен сөрелеріндегі орнын тапқан. Оның пайдалы қасиеттері кеңінен танымал: ол антиоксиданттарға бай, метаболизмді жақсартады және иммундық жүйені көтереді. Дегенмен кез келген өнім сияқты тұтынушы не сатып алғанын нақты білуі үшін шай да белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сай болуы керек. Қауіпсіздік мәселесі, әсіресе, таңбалама өндірушілер мен импорттаушылардың сатып алушылар алдындағы жауапкершілігіне, сондай-ақ тұтынушылардың ақпараттандырылуына тікелей байланысты.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Денсаулыққа қамқорлық: кептірілген жемістер және оларды таңдау ережелері

2024 жылғы шілдеде ақпараттық-түсіндіру шаралары аясында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" ҚБ ("MOТҚҚҚ" ҚБ) өкілдері "құпия сатып алушы" әдісін пайдаланып, Ресей Федерациясында өндірілген "Малиновый рай" жасыл шайын сатып алды. Бұрын жасалған келісім шартына сәйкес, өнімді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына тамақ өнімдерінің таңбаламасына қатысты Кеден одағының техникалық регламенттерінің және МемСт талаптарының сақталуын сынақтан өткізу үшін берілді.

Сараптама 2024 жылғы 3 шілдедегі № РO-24-52659-663/№797/1 және 2024 жылғы 10 шілдедегі № РO-24-50916, 50920/315-316 зерттеу хаттамаларында тіркелген бірнеше сәйкессіздіктерді көрсетті. Атап айтқанда, тұтынушылардың тауарды саналы түрде таңдауын қиындатқан өнімнің көлемі (салмағы) туралы ақпараттың жетіспеушілігі анықталды. Қаптамада техникалық регламент қана емес, Қазақстан заңнамасы да талап еткендей, мемлекеттік тілдегі ақпараттар болмаған.

Сонымен қатар,сақтау шарттары мен өнімнің тағамдық құндылығы көрсетілмеген, бұл, әсіресе, диетаға ерекше талаптар қойылған жағдайда тұтынушылардың шайды дұрыс пайдаланбауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ өндірушінің және импорттаушының орналасқан жері туралы да мәліметтер көрсетілмеген. Бұл тұтынушылардың сұрақтары туындаған жағдайда кері байланысты қамтамасыз етуді қиындатады. Өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растайтын Еуразиялық сәйкестік белгісінің (Еуразиялық сәйкестік белгісі) болмауы маңызды фактор болып саналады.

Тұтынушы не істеуі керек? Сарапшылар кеңесі

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сарапшы Жанна Биятан былай түсіндіреді: "Әрбір тұтынушының өнім сапасын бақылау процесіндегі рөлін түсінгені маңызды. Егер сіз таңбаламаға қатысты сәйкессіздіктерді байқасаңыз, оны елеусіз қалдырмаңыз. Ол мейлі, салмағы, сақтау шарты немесе шығу тегіне қатысты болсын, өнім туралы ақпаратты нақтылау үшін дүкенге хабарласудан тартынбаңыз. Егер өнімнің тағамдық құндылығы немесе мемлекеттік тілдегі мәліметтер сияқты міндетті ақпараттардың жетіспеушілігіне қатысты сұрақтар туындаса, бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгінуге негіз болады".

Сондай-ақ сарапшы: "Дұрыс таңбалама тек "ресми" талаптарды сақтау ғана емес, ол азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау болып саналады. Тиісті ақпараттың болмауы тұтынушылардың таңдауына әсер етіп, денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, әсіресе, басқа елдерден әкелінетін өнімдерді таңдағанда қырағылық танытқан жөн".

Таңқурай шайы
Фото: Битаян Жанна

Кәсіпкерлерге кеңес

"Тауарды сатуға немесе оны өткізуге алғанда импорттаушылардан/дистрибьюторлардан мөрдің түпнұсқасымен расталған сәйкестік туралы декларацияны талап ету қажет. Бұл талап Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімінде бекітілген. 10-бапқа сәйкес, егер өтініш беруші құжаттарда көрсетілген тұлға немесе оның уәкілетті өкілі болса, декларация қолданылуы мүмкін. Құжаттарды пайдалану құқығын растау үшін өтініш берушінің немесе өндірушінің мөрімен куәландырылған көшірме қажет. Әрбір кәсіпкерде өнімнің сәйкестігі туралы декларацияның түпнұсқасы немесе расталған көшірмесі болуы тиіс".

Тұтынушыға қамқорлық – басты міндет

"MOТҚҚҚ" ҚБ тұтынушыларға өз құқықтары мен мүддесін қорғауы қажет екенін түсіндіріп, ақпарат беруге бағытталған жұмысын жалғастыруда. Мұндай тексерулердің басты мақсаты – сәйкессіздіктерді табу емес, анықталған фактілер арқылы ұсынымдар беріп, азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Әрбір тұтынушының қауіпсіз және сапалы өнімді тұтынуға құқығы бар және ұйым бұл ақпаратты халыққа жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.

ҚР Заңына сәйкес, "MOТҚҚҚ" ҚБ тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ жарнама болып табылмайтын басқа да ақпараттарды таратуға құқылы, осылайша, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – тұтынушылардың құқықтарын қорғауға көмектесе отырып, жұртшылыққа белсенді түрде ағарту жұмыстарын жалғастырып келе жатқан "МОТҚҚҚ" ҚБ дайындады.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166906-tutynushylardyng-qauipsiz-tauarlardy-satyp-alu-quqygy-malinovyi-rai-zhasyl-shaiyn-zertteu/