Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалғыз қалған соң осында келдім": Ақтөбедегі қарттар үйінде 93 жастағы шахматшы тұрады

Жарияланған күні:

Дмитрий Кушнир
Дмитрий Кушнир. Фото : KAZ.NUR.KZ

Ақтөбедегі қарттар үйінде тұратын Дмитрий Кушнир 90 жастан асса да уақытын шахмат ойнап өткізеді. Қария қарттар үйіне келген оқушылар мен жастарды ойынға шақырып, ұтқырлық стратегиясын үйретеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дмитрий Кушнир - Ақтөбедегі қарттар үйінің ең егде тұрғыны. Қария уақытын шахмат ойнап, таза ауада серуендеумен өткізеді. Ол қарттар үйінде бір жылдан бері тұрып жатыр.

"Шағын шаруашылығым, отбасым, бес балам болды. Үш ұлым, екі қызым да қазір өмірде жоқ. Жалғыз қалған соң өзім өтініш жазып осында келдім. Мұнда бәрі жақсы. Киіміміз таза, тамақ уақытында. Бос уақытта шахмат ойнаймын. Шахматты жас кезімнен ойнаймын. Азын-аулақ марапаттарым бар",- дейді қария.

Дмитрий Кушнир
Дмитрий Кушнир. Фото : KAZ.NUR.KZ

Қарттар үйі басшылығының айтуынша, қария шахмат жарыстарына қатысады. Ақсақалдың жүрісі - тың, қимыл-қозғалысы - ширақ.

"Екі айдан кейін 94 жасқа толамын. Ақтөбелікпін. Қазақстанда тудым. Осында оқыдық, еңбек еттік. Бәрін колхоз үшін жасаған соғыс кезінің балаларымыз. Сиыр бақтым, диірменде жұмыс істедік. 17 жасымнан бастап диірмен комбинатында жұмыс істедім. Кейін станцияға теміржолшы болып кірдім. Алғашында жүк тиеуші, вагон құраушы болдым. Сол жақта жүріп оқыдым, 33 жыл жұмыс істедім", - дейді ақсақал.

Қарттар үйінің әлеуметтік қызметкерінің айтуынша, қария тамақ ішу, демалу режимін қатты сақтайды.

"Әртүрлі тағдырмен келген адамдар көп. Мен өзім осында 42 адамға қызмет көрсетемін. Дмитрий атамыз бізге өткен жылы келді. Таңертең міндетті түрде таза ауада жүріп қайтады. Автобуспен өзі базарға барады. Өзіне ұнаған заттарын алады. Немересіне де өзі барып қайтады. Түстен кейін ұйықтайды, кешке ерте жатады", - дейді қарттар үйінің қызметкері Айнұр Кипанова.

Ақтөбедегі қарттар үйінде 223 адам тұрады. Оның ішінде 137 қарт, 86 мүгедек жан бар. Ал Ақтөбе облысында бүгінде 10 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның сегізі 100 жастан асқан. Ең үлкені 109 жаста.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168337-zhalgyz-qalgan-song-osynda-keldim-aqtobedegi-qarttar-uiinde-93-zhastagy-shahmatshy-turady/