Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйеуінен жәбір көргендер келеді": Астанада ММА жаттықтырушысы 60-тан аса әйелге өзін қорғауды тегін үйретіп жүр

Жарияланған күні:

Нұрлан Байлин
Нұрлан Байлин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Астаналық ММА жаттықтырушысы Нұрлан Байлин қыз-келіншектерге өзін-өзі қорғауды тегін үйретіп жүр. Жаттығуға аптасына үш рет 60-қа жуық қыз-келіншек келеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

31 жастағы Нұрлан Байлинның өзін өзі қорғау үйірмесін ашуына әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың өршуі себеп болған. Жаттығуға келетін қыз-келіншектердің 80 пайызы тұрмыста жәбір көргендер, зомбылықпен бетпе-бет кездескен жандар дейді ол.

"Мені анам жалғыз өзі тәрбиеледі. Әйелдерге көрсетілетін қысым маған таныс. Қарындасым да өсіп келе жатыр. Әйеліме де, қарындасыма да өзін өзі қорғауды үйреттім. Өйткені мен олардың жанында кез келген уақытта бола алмаймын. Кейін маған басқа да қыз-келіншектерге өз білетінімді үйрету ойыма келді. Оған қоғамда белең алып тұрған зорлық-зомбылық түрткі болды", - дейді Нұрлан Байлин.

Алғашында сабақтарға 4-5 әйел ғана жазылған. Кейін Нұрланның бастамасы туралы Салтанат Нүкенованың інісі Айтбек Амангелді естіп, оған қолдау білдірген. Қазір жаттығуға 60-тан аса қыз-келіншек келеді екен. Араларындағы ең жасы мектеп оқушысы болса, үлкені - зейнет жасына жеткен әйелдер. Алғашында жаттығу ашық аспан астында, Ботаникалық саябақта өтсе, қазір олар демеушілердің қолдауымен барлық жағдай жасалған залда жаттығады.

жаттығуға келген әйелдер
Жаттығуға келген әйелдер. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Мені өзімнің спорттағы ұстазым Василий Тахтаев қолдады. "Дала қырандары" клубының басшысы Мади Рымжанов осындай залды тегін беріп отыр. Біз үшін бұл үлкен көмек. Қыздар аптасына үш рет 1 сағаттан жаттығады. Қыздарға біреуді соғуды емес, кез келген жағдайда өзін-өзі қорғай алуды үйретіп жатырмыз", - дейді жаттықтырушы.

Идея авторының айтуынша, бұл жерге көп жағдайда зорлық-зомбылыққа тап болған қыз-келіншектер келеді. Әрқайсының тағдыры әр түрлі.

"Осында келетіндердің көбі - қасындағы жарынан немесе бұрынғы күйеуінен жәбір көргендер. Одан кейін - әкесінің анасын ұрғанын көріп өскендер. Туыстарынан қысым көргендер де бар. Әлі күнге дейін қорыққаннан күйеуінен ажыраса алмай жүргендер келеді. Жалпы агрессия әр адамның бойында бар. Сол кезде уақытылы бір жұдырықпен есін жидыртуға болады", - дейді Нұрлан Байлин.

Нұрлан Байлин
Нұрлан Байлин. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жаттықтырушы бұл бастаманы барлық облыстарға барып насихаттағысы келетінін айтады.

"Әйел адамдарға өзін-өзі қорғауды үйртетін жер барлық өңірде болу керек. Ол үшін жанашыр адам мен жаттығу жасайтын зал ғана қажет. Бұл бастама қоғамдағы зорлық-зомбылық фактілерін азайтуға себеп болатынына сеніміміз зор. Өйткені полицияға хабарласуға үлгермей қалатын кездер болады", - дейді тренер.

Нұрлан Байлин спортпен бала кезден шұғылданады. Ол - еркін күрестен, самбодан және ММА-ден Қазақстан чемпионы.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2167726-kuieuinen-zhabir-korgender-keledi-astanada-mma-zhattyqtyrushysy-60-tan-asa-aielge-ozin-qorgaudy-tegin-uiretip-zhur/