Арқалықта ТЖ кезінде Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген гуманитарлық көмек енді таратылды (видео)
Жарияланған күні:
Желіде Арқалық қаласы әкімдігі су тасқыны кезінде Өзбекстан мен Тәжікстан елдері жіберген екі вагон гуманитарлық көмекті "халықтан тығып қойды" деп жергілікті белсенділер мен блогерлер шу көтерді. Содан кейін жергілікті билік өкілдері азық-түлікті елге таратып берген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Арқалық қаласы мәслихатының депутаты, қоғам белсендісі Серік Түлекбаевтың айтуынша, су тасқыны кезінде Арқалық қаласына Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінен бес вагон гуманитарлық көмек келген. Соның бір вагоны шифер, екі вагон цемент, екі вагон тамақ болған.
"Сол кезде су тасып, аласапыран болып жатты да, мен қалаға мұнша гуманитарлық көмек келгенін білмедім. Маған жас жігіттер вагондардағы жүктерді түсіріп алған соң 20 күннен кейін келіп "аға, осындай тауарлар келіп еді, бірақ халыққа таратылмады, бір жерге тығып тастады" деп айтты. Жабулы қазан жабулы күйінде қалдырғысы келген сыңайлы. Олар вагондардың нөмірі мен қай теміржолда болғаны туралы мәліметтерді беріп кетті", - дейді Серік Түлекбаев.
Бұл мәліметтер қолына тиісімен халық қалаулысы гуманитарлық көмектің қайда тұрғанын іздеуге кіріскен. Әлеуметтік желіде жазба қалдырып, қалалық әкімдіктен жауап беруін сұраған.
"Сол күні маған әкімдіктен хабар берді. "Осындай вагондар келді, бірақ біз тарата алмай отырмыз. Себебі Тәжікстан мен Өзбекстан елшіліктерінен өкілеттер келуі керек" депті жауабында. Содан соң мен интернеттен Тәжікстан елшілігінің нөмірін тауып алып хабарластым, олар "бұл көмекті үлестіріп беру біздің міндет емес , жергілікті билік пен еріктілер үлестіреді" деді. Содан 3-4 ай қайта-қайта жазып, Антикорға шағымданып, содан соң барып таптық бұл қойманы", - дейді Серік Түлекбаев.
Серік Түлекбаев жанына қала белсенділері мен блогерлерді ертіп, сол қоймаға барған. Қап-қап азық-түлік үйіліп жатқан. Мұны көрген ер азаматтардың ашуында шек болмапты.
Сол бойда қала тұрғындарына қоймадағы азық-түлікті таратып алуға хабарландырулар жібереді. Қара халық қойма басына жиналғанда, полицияның арнайы жасағы қоршауға алған.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Омарованың айтуынша қоймадағы тауарлардың көбі үш күнде таратылды. 739 адам тегін азық-түлік алуға өтініш берген, соның 451-інің қолына тиді.
"Бұл азық-түлікті біз тығып ұстап отырған жоқпыз. Тез бұзылатын тамақты тасқын кезінде зардап шеккендерге тараттық. Төтенше жағдай алынып тасталғаннан кейін қолдану мерзімі бір жылға жететін тауарларды әлеуметтік мұқтаж жандарға шетінен беріп отырдық. Блогерлер көргеннен кейін "бәріне беріңдер" деп болмады. Содан соң қойманы аштық, келген адам керегін алды. Дүкен иелері, шаруа қожалықтарының жетекшілері де тамақ алып кетіп жатты. Бір отбасыдан екі адам келіп алғанын кейін білдік, енді оларға хабарласып қайтарып жатырмыз", - дейді Арқалық қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Омарова.
Блогерлер азық-түлік антисанитарлық жағдайдағы қоймада сақталған дейді. Ал қалалық әкімдік өкілдері арнайы жабдықталған қоймамыз болмаған соң, сонда сақтауға мәжбүр болдық деп отыр. Енді қала белсенділері үш вагон құрылыс материалының кімге, қайда кеткенін іздестіріп жатыр.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2167680-arqalyqta-tzh-kezinde-ozbekstan-men-tazhikstannan-kelgen-gumanitarlyq-komek-endi-taratyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.