Мектептегі буллинг: Ақтөбе облысында жасөспірім өлімінен кейін мамандар оқушылардың тәртібі туралы кеңес өткізді
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Қопа ауылындағы оқушы өлімінен кейін өңір жасөспірімдерінен жаппай сауалнама алынып жатыр. Облыстағы білім беру ұйымдарын қадағалауға полиция қызметкерлері бекітілді. Тәртіп сақшыларын жасөспірімдер арасындағы топтасып төбелесу алаңдататып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алақандай ауылда болған келеңсіз оқиғадан кейін не өзгерді? Өңірде қандай жұмыстарға басымдық берілді? Бұл тақырып Ақтөбеде ата-аналар, мұғалімдер, нарколог дәрігерлер мен психологтардың қатысуымен өткен "Отбасы - бала тәрбиесінің басты ұясы" атты кеңесте талқыланды.
"Қопа орта мектебінде болған жағдайға байланысты білім басқармасы тарапынан зерделеу жүргізілді. Оқушылар арасында учаскелік полициямен бірлесе құқық бұзушылыққа, буллинг, кибербуллинг, зорлық-зомбылықтың алдын-алу тақырыптарына байланысты түсіндірме жұмыстары, құқықтық сағаттар жүргізілді.
Барлық сыныпта тәрбие сағаты, қарым-қатынасты нығайтуға арналған сабақтар өткізіліп, балаларға, ата-аналарға әлеуметтік-психологиялық қолдау берілді", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева.
Білім басқармасы өкілінің айтуынша, биыл өңірде JAN AHUAL психологиялық қолдау орталығы құрылды. Мекеме психологтарына жоспар бойынша әдістемелік қолдауды ұйымдастыру міндеттелген.
Ал ақтөбелік полиция қызметкерлері жасөспірімдер тәртібіне алаңдаушылық білдірді. Ақтөбе облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Сүентаев тәрбиеге көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды.
"Биыл құқық бұзушылықпен ұсталған, бас бостандығынан айрылған оқушылар болды. Осындай жағдайдың алдын алу үшін тәрбиеге көп көңіл бөлу керек. Қарапайым көшеде келе жатып, жол ережесін сақтау, белгіленбеген жерден өтпеудің өзі балаға жауапкершілікті үйретеді. Оқу жылы басталды. Студенттер келіп жатыр. Топтасып жиналып, төбелес жасамауын қадағалауымыз керек. Қазір облыстық ПД бастығының бұйрығымен әр оқу орынына қызметкерлер бекітілді. Онда тек кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспекторлар ғана емес, жедел уәкіл, учаскелік полиция, облыстық ПД қызметкерлері бар. Менің өзім де қаладағы екі мектепке жауаптымын. Жиналыстарына қатысамын. Өкінішке қарай, балалардың тәртібі туралы айтуға сөз жетпейді. Мұғалімдерді сыйламайды, құрметтемейді. Орнынан тұрғызу үшін мұғалімдерге атын 4-5 рет айтқызады. Ата-аналарын да тыңдамайтынын көрдік. Отбасындағы тәрбиені күшейту сұралады", - деді Сүентаев.
Осы ретте дәрігер-нарколог жасөспірімдер үшін қауіпті кезеңді атады. Баланың бос уақытына қадағалауды күшейту керек екенін айтты.
"Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық басты мәселе болып тұр. Қазір Ақтөбе қаласындағы психикалық денсаулық орталығында 12-18 жас аралығындағы он шақты жасөспірім есепте тұр. Оның екеуі нашақорлық, алтауы уытқұмарлық (таксикомания) және тағы 2-3 бала алкогольге тәуелділікпен есепте тұр. Олармен жасөспірімдер наркологі, психолог жұмыс істейді. Жасөспірімдер үшін 14-16 жас ең қауіпті. Осы кезде баланың бос уақытын қадағалау керек. Баланың мінез-құлқына мән беру керек. Күмән болса, уақыт оздырмай маманға жүгінген дұрыс. Наркологиялық диспансерге немесе қаладағы емханаға да баруға болады. Наркотикалық зат қолданғаннан кейін адамда клиникалық көрініс болады. Оны да біліп жүру керек. Тұмау тимесе де үнемі түшкіріп, мұрнынан су ағып, көзі қызарып жүреді. Көз қарашығының тарылуы немесе шамадан тыс кеңеюі де психоактивті заттарды қолданғаннан болады. Тамырлары шығып, тісі қарайып, көз асты қараюы, қабақтарының жылтырап тұруы наркотикалық заттарды пайдаланудан кейінгі сыртқы көріністер", - деді нарколог-дәрігер Айдын Рысбекова.
Бала тәрбиесіне қатысты жауапты мамандар жиналған кездесуде жасөспірімдер тәрбиесіне ата-ананың ықпалын арттыру туралы да сөз болды.
"Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста уақыт бөлу маңызды. Жақында Ақтөбе қаласындағы білім беру ұйымдары арқылы әкелерден сауалнама алдық. Әкелердің 34 пайызы ғана баласына екі сағаттан артық уақыт бөле алады екен. Бұл үлкен ойланатын нәрсе. Мен жасөспірімдер арасындағы дебаттарға да қатысамын. Қаладағы мектеп-гимназиясының оқушыларының "менің әкем маған уақыт бөле алмайды" деп айтқанын естідім. Отбасындағы ер адамның жауапкершілігі жоғары болуы керек. Балаға "сен ешкімге тиіспе, тиіссе аяма" деген ұран сөзді айтуды қою керек. Кешегі Темір ауданындағы оқушылар арасындағы жағдайды білеміз. Біз салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Ата-ана жауапкершілігі, тәрбиесі маңызды",- деді "Қазақстан әкелері" қоғамдастығының облыстағы құрылтайшысы Еркін Тобылбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы Қопа ауылындағы оқушы өлімінен кейін прокуратура лауазымдарын атап тұрып бірқатар басшылардың жауапкершілігін шешу жөнінде әкімдікке ұсыныс берді. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан оқиғаға байланысты кімдер жазаланғанын айтты.
"Темір ауданының әкімі, облыстық білім басқармасының басшысына сөгіс берілді. Аудандық білім бөлімінің басшысы және мектеп директоры қызметінен босатылды. Қазір қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жөнінде полиция қызметкерлерімен арнайы жиын өтті. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар саны көбейеді. Балалардың психологиялық жай күйін зерттеуге жұмыстар жүргізіледі. Қосымша сауалнама алынады", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169351-mekteptegi-bulling-aqtobe-oblysynda-zhasospirim-oliminen-keiin-mamandar-oqushylardyng-tartibi-turaly-kenges-otkizdi/