Мысырдан әкелінген: Түркістан облысындағы әл-Фараби мұражайына құнды сый тапсырылды (фото)
Жарияланған күні:

Түркістан облысы мәдениет басқармасының "Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби" мұражайына құнды сый табысталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық мәдениет басқармасының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
2021 жылы Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Мысыр астанасы Каирде "Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің Ислам өркениетіне қосқан үлесі" тақырыбында халықаралық конференция өткен еді. Сол конференция материалдарының 5 томдық жинағы Түркістан облысы мәдениет басқармасының "Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби" мұражайына табысталды.
Жинақты Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифтің арнайы жолдауымен Әбсаттар қажы Дербісәлінің жұбайы Рафия Дербісәлиева тапсырды.
"Бұл еңбектің құндылығы – жинаққа әлемдік деңгейдегі озық фарабитанушылардың әл-Фараби туралы зерттеу-мақалалары енгізілген. Алдағы уақытта жинақты қазақ тіліне аударып, қазақтілді зерттеушілерге қолжетімді ету жоспарланып отыр", - делінген облыстық мәдениет басқармасының хабарламасында.
Еске салайық, өткен жылы әл-Фарабидің қолжазбасы Түркияда Сүлеймания кітапханасында табылған еді. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби қолжазбасының көшірмесін жарыққа шығарған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169720-mysyrdan-akelingen-turkistan-oblysyndagy-al-farabi-murazhaiyna-qundy-syi-tapsyryldy-foto/