Зектілері

Абай облысындағы ет өнімдері таңбаламасында заң талаптары қалай сақталады

Жарияланған күні:

Шұжық
Көрнекі фото: pixabay.com

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау аясында заңнаманы сақтаудың маңыздылығы туралы тұтынушыларды ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыруда. Ұйым әлеуметтік жоба барысында таңбаламаның қолданыстағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне назар аудара отырып, Қазақстан нарығындағы өнімдердің сапасын тексеру үшін аккредиттелген зертханалармен белсенді түрде ынтымақтастық орнатады.

Тұтынушылар дұрыс таңбалама – жай ғана формальдылық емес, қауіпсіздік пен денсаулықты қорғаудың маңызды элементі екенін есте ұстаған жөн. Өнім қаптамасында толық ақпараттың болмауы – тұтынушылардың саналы таңдау жасауына кедергі келтіріп, денсаулығына кері әсер ететін жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімді алуына жол ашуы мүмкін.

2024 жылдың шілде айында "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі Семей қаласындағы дүкендердің бірінен "құпия сатып алушы" әдісімен шұжықтың бірнеше түрін сатып алған. Ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, өнімдер сараптамаға "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" АҚ аккредиттелген зертханасының "СЕМЕЙ" филиалына жіберіліп, Кеден одағының техникалық регламенттері мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне кешенді тексеру жүргізілді.

Сараптама барысында зерттеу хаттамаларына сәйкес, төмендегідей сәйкессіздіктер анықталды:

1. "Московская" қайнатылып ысталған шұжық (Чинкова Ю.В. ЖК, Ресей) – таңбалама жеңіл оқуға және мәтіннің артқы фонының контрастылығы өлшемдерге сәйкес келмейді.

2. "Краковская" жартылай ысталған шұжық, салмағы 0,300 кг (Қазақстан Республикасы) – Еуразиялық сәйкестік белгісі жоқ және өнімнің атауы, құрамы, тағамдық құндылығы, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі мен сақталу шарты туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпараттар берілмеген. Сондай-ақ өндіруші және өнімдердің қай құжатқа сәйкес жасалғаны туралы мәлімет көрсетілмеген.

3. "Славянская" жартылай ысталған шұжығы, салмағы 380 г ("Сибирская продовольственная компания" ЖШҚ, Ресей) – ЖАРАМДЫЛЫҚ МЕРЗІМІ ӨТІП КЕТКЕН ӨНІМ: шығарылған күні – 04.07.2024, сақтау мерзімі – 45 күн.

4. Қайнатылып ысталған шұжық өнімі "Брестская фирменная" жоғарғы сортты ("Гродненский мясокомбинат" ААҚ, Беларусь Республикасы) – ЖАРАМДЫЛЫҚ МЕРЗІМІ ӨТІП КЕТКЕН ӨНІМ: өндірілген күні – 12.05.2024 ж., жарамдылық мерзімі – 26.06.2024 ж. Таңбаламасы оңай оқуға және фондық контрастылыққа қойылатын талаптарға сай емес, Еуразиялық сәйкестік белгісі және өнім шығарылған құжат туралы ақпараттары жоқ;

5. "Бекон" шикі-ысталған ет өнімі ("ЧМПЗ" АҚ, Ресей), салмағы 180 г – өнім туралы ақпарат тек орыс тілінде берілген. Еуразиялық сәйкестік белгісі және тамақ өнімдерінің қандай құжат бойынша өндірілгеніне қатысты ақпараттары жоқ.

Шұжық
Көрнекі фото: Биятан Жанна

Қазақстанда заңнама ақпараттың екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болуын талап етеді. Бұл барлық тұтынушылар өнімнің құрамымен, сақтау шарттарымен және басқа да маңызды сипаттамаларымен оңай танысуы үшін қажет. Осы тілдердің бірінде ақпараттың болмауы заңға сәйкессіздік деп саналып, бұл өз кезегінде тұтынушының саналы таңдау жасау мүмкіндігіне әсер етеді ("Бір тілде немесе шет тілінде берілген ақпарат – ақпарат ұсынылмаған болып саналады").

Таңбалама да анық және оқуға оңай болуы керек. Бұл тұтынушылар үшін ғана емес, өндірушілер үшін де түсінбеушілік пен сатып алушылардың шағымдарын болдырмау үшін маңызды. Сонымен қатар, Еуразиялық сәйкестік белгісінің болуы – өнімнің сәйкестікті растаудан өткеніне және Кеден одағының қауіпсіздік талаптарына сай келетініне кепілдік береді.

"MOТҚҚҚ" ҚБ өндірушілер мен сатушыларға Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңын және техникалық регламенттерді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Тиісті таңбаламаның болмауы немесе оның дұрыс безендірілмеуі (Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзу) тұтынушылардың сенімін төмендетіп, тіпті әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

"Таңбалама талаптарын сақтау мәселесі – заңды жауапкершілік мәселесі ғана емес, сонымен қатар іскерлік этика мәселесі де. Ашық және толық ақпарат тұтынушыларға қауіпсіз әрі сапалы өнімдерді таңдауға көмектеседі, яғни, өз тұтынушыларын ойлайтын өндірушілер бұған ерекше назар аударуы керек", - дейді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сарапшы Алия Алибекова.

Оның атап өткеніндей, тұтынушылар өз құқықтарын қорғау арқылы өздерінің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, нарықта жоғары сапа стандарттарын қалыптастырады.

Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173117-abai-oblysyndagy-et-onimderi-tangbalamasynda-zang-talaptary-qalai-saqtalady/