"Бала-шаға мектепке бара алмай жатыр": балшық кешкен Шымкент тұрғындары шағымын айтты (видео)
Жарияланған күні:

Шымкенттегі "Таскен" шағынауданы Асар көшесінің тұрғындары балшыққа батып, көшеге шыға алмай қалғандарын айтты. Олар құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен, осындай мәселе туындады деп санайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ontustik TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Таскен" шағынауданындағы Асар көшесінде жол жөндеу жұмыстары 5 қазанда басталған. Жұмыстың шикілігі жаңбыр кезінде білінген. Көше ортасы шағын көлшікке айналып, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірген. Тіпті, жиналған су алты бірдей үйдің ауласына өтіп кетіпті.
"Көшенің бәрін су басып жатыр. Мына жақта лоток жоқ. Бала-шаға мектепке бара алмай жатыр. Бұл көшеде мүгедек адамдар да тұрады, олар мүлде жүре алмай жатыр. Көшеде көлікпен қатынай алмай жүрміз. Мына көшені тегістеп, жақсылап істеп берсе дейміз", - деді тұрғындардың бірі Берік Шымырбеков.
"Таскен" тұрғындары құрылыс жұмысына дейін өз қалтасынан қаражат шығарып, 70 КамАЗ тас төсеп амалдаған. Алайда оның бәрін мердігер мекеме сүріп, жоспар бойынша жол жөндеуді бастапты. Белгілі болғандай, сметалық құжатта лотоктар мүлде қарастырылмаған.
"Лоток қойып берсе деп отырмыз. Бірақ ол жобада да жоқ деп тұр ғой. Мына су жиналып жатыр, бұл қай жаққа барады? Ертең асфальт салып береді. Ол асфальт мына судан көтеріледі", - деді көше тұрғыны Бақытжан Исабаев.
Жалпы көшенің ұзындығы – 550 метр. Жөндеу жұмысы қарашаның ортасына дейін жалғасады. Сметалық құжатта арық-атыз қарастырылмағанын айтқан жауаптылар су алған жерлерді қалпына келтіреміз деп отыр.
"Тұрғындардан арыз-шағымдар болды. Біз ол жерге аудан әкімшілігімен барып, зерттеу жүргіздік. Қазір жылдың соңы болды, бюджет нақтыланған, барлық жоспар орындалды. Осы "Асар" көшесіне лотокты 2025 жылға қарай орнатуды жоспарға енгіземіз", - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Бағдат Орынбай.
Қазіргі таңда "Таскен" шағынауданында 14 көшеде жол жөнделіп жатыр. 7,2 км құрылысқа қала бюджетінен 420 млн теңге бөлінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174834-bala-shaga-mektepke-bara-almai-zhatyr-balshyq-keshken-shymkent-turgyndary-shagymyn-aitty-video/