Әкімдік өкілдері алматылық жүргізушілерге үндеу жасады
Жарияланған күні:

Алматылық жүргізушілерге 17 қазанда қалада қар жауып, ауа температурасы төмендеп, көктайғақ болуы мүмкін екені ескертілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, Алматыда 14 қазаннан бастап жауын-шашын түсе бастады, аракідік жаңбыр жауады. "Қазгидромет" РМК мамандарының болжауынша, ертең, 17 қазанда қалада қар жаууы мүмкін. Күн райының суытуына байланысты ауа температурасы төмендеп, көктайғақ болуы ықтимал.
Алматыда көктайғаққа қарсы шараларға 800-ден астам техника мен 1400 жұмысшы жұмылдырылған.

"Көктайғақ қаупіне байланысты, әсіресе әл-Фараби даңғылынан жоғары аймақтарда көлік иелері қауіпсіздік үшін жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстырғаны жөн.
Коммуналдық қызметтер көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел жүргізуге дайын. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым, 841 техника және 1405 жұмысшысы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы 76 тонна материал дайындалған", - делінген хабарламада.
Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы өкілдері жолда көктайғақ болып, апат қаупі жоғарылайтынын, сондықтан жүргізушілер жылдамдықты азайтып, көлік арақашықтығын сақтап, шұғыл бұрылмау керек екенін ескертті. Жаяу жүргіншілер де тротуарларды жұқа мұз басу қаупіне байланысты абай болуы қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174901-akimdik-almatylyq-zhurgizushilerge-undeu-zhasady/