Зектілері

"Инфосығандар" : депутат әлеуметтік желілерде курс сататын блогерлерді тексеруді ұсынды

Жарияланған күні:

Ұялы телефон ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет
Ұялы телефон ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мәжіліс отырысында депутат Амантай Жарқынбек курс сататын блогерлердің қызметін тексеруді ұсынды. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбейгенін атап өтті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жарқынбек Амантайдың айтуынша, қоғамды дүрліктірген маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі.

"Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда. Аңқау елге арамза молда демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар", - дейді депутат.

Депутат олардың ауызекі тілде "инфосығандар" деп аталатынын, олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғанын жеткізді.

"Кейбір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айталған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллиард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі", - деді ол.

"Инфосығандармен" күресу үшін депутат бірқатар ұсыныс айтты.

  • Ең алдымен инфо бизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.
  • "Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы"Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.
  • Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.
  • Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174952-kop-aldynda-masqaralap-haip-quu-adetke-ainaldy-deputat-bloger-psiholog-kouchtardy-synga-aldy/