Көкшетау қаласында өндірушісі белгісіз минтай балығынан жасалған сорпа сатылған
Жарияланған күні:
Ақмола облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау аясында минтай балығынан жасалған сорпа сатып алынды. Алайда өнімнің қаптамасында қазақ немесе орыс тілінде ешқандай ақпарат болмағандықтан, сарапшыларға оның атауын Google-аударма арқылы анықтауға тура келді.
Әрбір тұтынушының сапалы және қауіпсіз азық-түлік өнімін тұтынуы маңызды. Осы мақсатта Кореяда өндірілген өнім Астана қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының зертханасына жеткізілді, онда өнім Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестік тұрғысынан жан-жақты тексерілді.
2024 жылдың 26 қыркүйегіндегі №852/372 зерттеу нәтижелеріне сәйкес, мынандай кемшіліктер анықталды:
- Өнімнің ЕАЭО (КО) елдерінің нарығына шығуына қажет белгісі жоқ;
- Өндірілген күні көрсетілмеген;
- Қаптамада қазақ және орыс тілдеріндегі таңбаламасы жоқ.
Кореядан келген өнімдер жастар мен балалар арасында өте танымал. Алайда кейде олар қауіпсіздікке назар аудармай, түсінікті тілде ақпарат болмағанына қарамастан, шетелдік өнімдерді сатып алады.
Қазақстанда шетелдік өнімдерде қазақ және орыс тілдеріндегі таңбаламаның болуы тек Заң талабы ғана емес, сонымен қатар әрбір азамат үшін өнім туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарт болып саналады. Екі тілдегі таңбалама қазақ және орыстілді тұтынушыларға өнімнің құрамын және оның ерекшеліктерін оңай түсінуге мүмкіндік береді. Бұл тек ұлттық стандарттарды сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін де маңызды.
Тұтынушылар өнімдегі ақпараттың болмауы оның сапасы мен қауіпсіздігін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау зертханаларында тексеруді қиындататынын ескерген жөн. Сондықтан белгісіз өндірушілердің немесе алдын ала тексерілмеген тауарларды сатып алуға кеңес берілмейді.
Сонымен қатар тұтынушыларға әрдайым сатушылардан түбіртек пен өнімнің сәйкестік декларациясын талап етуі керек. Егер сатушыдан бұл құжаттарды алу мүмкін болмаса, оларды Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтынан – Сәйкестік туралы декларацияның тіркелгені мен сәйкестік сертификаттарының берілгені туралы бірегей реестр, сондай-ақ Қазақстанның тізілімінен өз бетінше тексеруге болады, - деп түсіндіреді Жанна Урметханқызы.
"Әрбір өнімнің өзінің жеке сәйкестікті растайтын декларациясы болуға тиіс. Бұл жай ғана құжат емес, Кеден одағының 2011 жылдың 9 желтоқсанындағы №880 шешіміне сәйкес, өнімнің барлық сынақтардан өткенін дәлелдейтін маңызды құжат", - дейді заңгер.
Тұтынушыларға арналған нұсқаулық
Сәйкестік декларациясында мына деректер маңызды:
- Өтініш беруші компанияның атауы және мекенжайы.
- Өндірушінің атауы және оның орналасқан жері.
- Өнімді анықтап, сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін ақпарат.
- Өнімнің Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестігін растайтын мәліметтер, бұл тағам өнімдерінің белгілі бір түрлеріне қатысты талаптар.
- Өтініш берушінің өнімді қолдану барысында оның қауіпсіздігіне кепілдік беретіні және өнімнің Кеден одағының техникалық регламентіне сай болуын қамтамасыз ететін шараларды қабылдайтыны туралы мәлімдеме.
- Өнімнің Кеден одағының техникалық регламенті талаптарына сәйкестігін растау үшін жүргізілген сынақтар мен зерттеулер, сондай-ақ осы сәйкестікті дәлелдейтін құжаттар туралы ақпараттар болуы тиіс.
Бұл материалды әлеуметтік жоба аясында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.
"Маңғыстау облысының тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі тарапынан таратылатын тауарлар, қызметтер немесе олардың сапасы туралы зерттеу нәтижелері жарнама емес, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174963-kokshetau-qalasynda-ondirushisi-belgisiz-mintai-balygynan-zhasalgan-sorpa-satylgan/