Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балалар арасында мүгедек болып туып жатқандар көп": белсенділер Жітіқараны экологиялық апат аймағына қосуды сұрады

Жарияланған күні:

Жітіқара
Жітіқара. Фото: KAZ.NUR.KZ

Әлемде хризотил-асбест қоры бойынша төртінші орында тұрған, елімізде шикізаттың осы түрін өндіретін жалғыз кәсіпорын орналасқан Жітіқара ауданының тұрғындары өңірді экологиялық апаттар аймағына қосуды сұрайды. Облыс бойынша бұл аудан қатерлі ісікке шалдыққандар статистикасы бойынша алдыңғы қатарда көрінеді. Экология министрлігі өндіріс ошақтарын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

47 мыңнан астам халқы бар Жітіқара ауданындағы басты өнерәсіп ошақтары хризотил-асбест пен алтын өндіреді, оған енді асфальт зауыты қосылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, асбесттің барлық түрі өкпе, тамақ, аналық бездердің қатерлі ісігі мен асбестоз, яғни өкпе фиброзын тудырады. Ал бұл ауданда асбест кені 1960 жылы пайда болған.

"Облыстық онкологиялық ауруханада ем алушылардың мекенжайы туралы анықтама сұратып алдық. Бұл құжатта ауруханада жатқандардың 70-80 пайызы Жітіқараның тұрғындары депті. Өнеркәсіпте істейтін жұмысшылардың денсаулығын тексеруге келген комиссия мүшелері де біздің ауданға алаңдаушылық білдірді. Айтуларынша, жаңа туған балалар арасында мүгедек болып туып жатқандары көбейген", - дейді Жітіқара ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базылбек Жармұханбетов.

Тұрғындар өз күшімен әр жерден там-тұмдап жиған статистикалық мәліметтерін алға тартып, жергілікті билік өкілдерінің назарын осы жағдайға аударуды талап етіп отыр. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы олармен толық келіспейді. Жітіқара ауданында биыл онкологиялық ауруға шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 5 науқасқа азайып, 97 адам тіркелді дейді. Десе де облыстағы аудан, қалалар арасында онкологиялық аурулар тіркелуін халық санымен есептегенде Жітіқара төртінші орында, ал аудандар арасында көш бастап тұр .

"Өздеріңізге мәлім, Жітіқара ауданында асбест өндіретін компаниялар жұмыс істейді. Онкологиялық аурулар алдымен экологиялық ортаға байланысты. Бұл ауданда қатерлі істіктің көп болуы да сол себепті", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Белсенділер ойынша, Жітіқарада асбесттен бөлек басқа да кен орындары жеткілікті. Сондықтан кешенді тексеру шараларын жүргізу қажет. Олар бұл өтінішін денсаулық сақтау, экология министрлеріне жолдады. Министр Ерлан Нысанбаев жергілікті ірі компаниялардың экологиялық ахуалды жақсартуға арналған іс шаралар жоспары мен облыстық әкімдік бекіткен жол картасының орындалу барысын бір сүзіп шықпақшы.

"Жалпы Қостанай облысында экологиялық жағдай тұрақты. Алайда ірі өндіріс ошақтарының бүгінгі міндеттемелері бойынша құжаттарын тағы бір қарап шығу керек. Экологиялық ахуалды жақстартуға арналған іс-шараларының жасалған-жасалмағанын анықтаймыз", - дейді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Тұрғындар ойынша, Жітіқара ауданын экологиялық апатты өңірлер қатарына енгізу қажет. Алайда олардың бұл өтініші оңайлықпен орындала қоятын түрі жоқ.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175042-balalar-arasynda-mugedek-bolyp-tuyp-zhatqandar-kop-belsendiler-zhitiqarany-ekologiialyq-apat-aimagyna-qosudy-surady/